Балалар

“Жастар лаңкестікке қарсы” конференциясы

 

 

Бұрын террорлық әрекет туралы сыбыс Сирия, Египет, Ауғанстан мен Пәкістаннан келуші еді. Бүгінде бұл зұлымдықтың шеті Қазақстанға да тірелді. Күні кеше ғана Ресейдің Волгоград қаласында шахид-әйел автобусты жарып жіберіп, салдарынан қаншама бейкүнә адам зардап шекті. Бұдан адамдардың бойын қорқыныш биледі. Олар айдаһар қай жерден шығады деген үреймен күй кешуде. Қазір қоғамды алаңдатқан мәселе туралы ойланып қана қоймай, жұрт болып жұмыла қарсы тұратын кез келді.

 

Айгүл Әмренова, СҚО ІІД экстремизмге қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:

-Біз жыл басынан бері діни және көші-қон заңнамасына қатысты 33 құқықбұзушулықты анықтадық. Оның ішінде тіркелмеген діни бірлестіктердің жұмысына қатысу және жетекшілік ету, белгіленбеген жерлерде діни оқулықтарды тарату фактілері бар.

 

Конференцияға қатысушыларға “Соқыр сенім” тақырыбындағы 40 минуттық фильм көрсетілді. Онда теріс ағымдардың арбауына түскен, кейін қате жолды таңдағанын түсініп, бармақ тістеген жандардың тіршілігі баяндалады. Бейнероликтің көрген адамға ой тастары анық. Бүгінгі жиынға студенттер бекерге шақырылып отырған жоқ. Өйткені, радикалдық ағымға ілігетіндердің дені – жастар.

 

Татьяна Сарычева,кітапханашы:

-Жастардың діни сауаттылығын арттыруға баса көңіл бөлініп жатқаны дұрыс. Өйткені, бұрыс жолға тартатындардың көбі адамға психологиялық тұрғыда ықпал ете алады. Біз оқырмандарға экстремизм мен терроризмнің зияны жайында барынша түсіндіруге тырысып жатырмыз. Бұл бағытта мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеудеміз.

 

Тағы бір айта кететін жәйт, тұрғындар тарапынан да жұртты әбігерге салу ісі тоқтамай тұр. Мәселен, жыл басынан бері жалған телефон лаңкестігіне қатысты 6 оқиға тіркелген. Қылмыстық істердің барлығы ашылды. Еріккендер жазасын алды.

 

Данаш Хамзина