ТЖ

Құтқарушылар қысқа дайындалуда

 

«Сақтықта қорлық жоқ». Десе де кейбір тұрғындар осы қарапайым қағиданы естен шығарып, өз өмірін қатерге тігеді. 2013 жылы құтқарушылар белгіленбеген жерде суға түскен 111 адамның өмірін арашалап қалған. Олардың 58-і балалар. Алдын алу шаралары көптеп өткізілгенімен, олар халықтың өз өміріне деген бейжайлығына тосқауыл қояр емес.  Қауіпсіздік ережелерін сақтамай, жаңа қатқан суда балық аулаймыз деп ажал құшып жататындар

 

Виктор Держанский,СҚО ТЖД суда құтқару қызметінің басшысы:

-Қазіргі уақытта өңірдің су көздеріндегі жағдай біршама тұрақты. Өткен жылы 50 адам қаза тапса, 2013 жылы бұл көрсеткіш 35-ті құрап отыр. Төтенше жағдайлар аз да болса кеміді. Насихат жұмыстары да, рейдтік шаралар да көптеп жүргізіледі. Бірақ тұрғындар оларды көп жағдайда елемей жатады.

 

Биыл өрттен қаза тапқандардың саны артып отыр. Өткен жылы тілсіз жау 33 жерлесіміздің өмірін қиып кеткен. Биыл олардың саны 44-ке жетті. Арасында 10 бүлдіршін бар. Тағы 43 адам түрлі дәрежедегі жарақаттар мен күйік алған.

 

Нұрлан Атығаев, СҚО ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы:

-Үстіміздегі жылдың 10 айы ішінде облыста 554 өрт оқиғасы тіркелген. Оның 442-сі тұрғын үй секторында орын алды. Тілсіз жаудан 303 млн теңгеден астам материалдық шығын келді.

 

Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ендігі кезекте, балық аулаушыларды ерекше бақылауға алуда. Күн суытып, өзен-көл, шағын тоғандардың бетіне мұз қата салысымен, балықшылар бастарын қатерге тігеді. Құтқарушылар мен көпті көрген осы сала ардагерлері «Сақтансаң сақтаймын» деген қарапайым қағиданы естен шығармауды тапсырады.

 

Олег Шагимарданов, ТДЖ ардагері:

– Өзен-көлдерде мұз қата бастағанда балық аулаймын деген балықшылар да, ойын қуған балалар да су бетіне шығады. Бірақ жаңа қатқан мұз қалың болмайды. Ол адам салмағын көтермеуі мүмкін. 2000 жылдары Жамбыл ауданында осы кезде мұзда ойнаған 5 бірдей бала суға кеткен. Сол себепті абай болған абзал.

 

Заман талабына сай төтенше жағдайлар саласында жаңа қызмет түрі пайда болды. Ендігі кезекте, алда ауа райының күрт бұзылуын тұрғындар ұялы телефондарына келген смс хабарламалар арқылы біліп тұрмақ.

 

Мағжан Ахмадина