ТКШ

“Петропавловск-Лифт” ЖШС жұмысына кедергі келтіргендер жазаланды

 

Биыл қала бойынша 9 жедел сатыны күрделі жөндеу жұмыстары “Техносиб” ЖШС тапсырылыпты. Ережеге сай пәтер иелері тұғынжайларын жақсартуда мердігерді өздері таңдауға құқылы. Алайда бұл талап тек қағаз жүзінде бекітілген. Іс жүзінде таңдау жоқ. Өңірімізде лифт орнатып жөндеумен айналысатын аттестацияланған 2 кәсіпорын тіркелген. Оның өзінде бәсекелестің біреуі тапсырыссыз қалыпты.

 

Сергей Царьков, “Петропавл-Лифт” ЖШС директоры:

– Біздің серіктестік осымен 15 жылдан артық жедел сатыларды орнатып, жөндеумен айналысады. Алайда биыл бізге бір де бір нысан берілген жоқ. 2013 жылғы лифтерді жөндеу жоспарының барлығы тек “Техносиб” серіктестігіне тапсырылды. Біз жөндеу жұмыстары таратылған жиналыстардың біріне де қатысқан жоқпыз. Шақырмақ түгіл өздеріміз келгенде кіргізбеді.

 

Сергей Царьковтың қалалық әкімдіктегі тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы бөліміне деген бұл ренжуі шаһар басшысы Төлеген Закарьяновқа жеткен. Облыс орталығының жетекшісі қос серіктестік өкілдері мен бұл іске бас-көз болып жүрген қарамағындағы атқамінерлерінің басын қосып жиын өткізді.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Царьков кеше облыс әкімінің қабылдауында болды. Кейін барып қана шағым маған түсті. Үш рет менің қабылдауыма келіп кіре алмай кетіпті. Бұны қалай түсінуге болады. Есігім кімге болсын ашық. Қарамағымдағылар өздерінің ойына келгенін істеп жатыр. «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламасы – айналып өтетін мәселелердің бірі емес. Ұлттық деңгейде қолға алынған ірі жоба. Оны пайдаланып әбден тозған баспаналарды жөндеп алуға тырысқанымыз дұрыс болады. Игі шаруаның өзінен былық шығып жатыр.

 

Төлеген Закариянов бәсекелестік бар жерде сапаның да болатынын тілге тиек етті. Конкурстарда жеке-дара шауып жеңімпаз атанған бас мердігер “Техносиб” ЖШС бұл салаға енгеніне бір жыл да толмапты. Тұрғындар еті үйреніп алған тәжірибелі “Петропавл Лифт” серіктестінен қайтып бас тартқан. Әрі кәсіпорынның қызметі – бәсекелесінен арзан. Қала әкімі бұл сұрақтың жауабын жеке пәтер иелері кооперативінің төрағаларынан іздеді.

 

Светлана Крынина, “Энергетик” жеке пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

– Біз Царьковпен бұрыннан жұмыс жасап келеміз. Биыл да жақсы таныс жөндеу бригадасын таңдадық. Алайда қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі бізге басқа серіктестікті ұсынды. Біз келіспеп едік, жобалық смета өздері нұсқаған кәсіпорында жасалатынын айтты. Десе де біз өз таңдауымыздан қайтпадық.

 

Жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасын халыққа насихаттап, дайындық жұмыстарын жүргізу “ЖЭС” ЖШС тапсырылыпты. Мәселенің беті ашылғанымен мекеменің заңгері жиында да райынан қайтпайтынын білдірді.

 

Жанара Есетова, “ЖЭС” ЖШС заңгері:

– Біз серіктестіктерді шақыруға мүдделі емеспіз. Царьков қатысқысы келген жиналыстарда біз тендер өткізген жоқпыз. Бұдан былай біздің отырыстарға мүлдем шақырмайтын боламыз.

 

Жел болмаса шөптің басы қимылдамас. Мердігердің біреуі ғана дайындық істеріне қатыстырылса, қандай бәсекелестік болмақ.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

-Царьковтың шағымында негіз барын ұқтым. Халық өздері таңдау жасайды. Сіздерге тек бағдарламаны насихаттап, жүзеге асуын бақылауға құқық берілген. Конкурсқа бірін қатыстырып, екіншісін шақырмау деген не масқара. Жанар Есетова жұмысынан босатылсын деген ұсыныс жасаймын.

 

Бұған жол берген қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы Александр Черновқа сөгіс жарияланды. Әлі де бұйымтайдың анық-қанығы толық ашылмай, нүктесі қойылған жоқ. Крыловтың “Аққу,шортан һәм шаян” мысалындағыдай әр жақ шындықты өздеріне жанастырып әділдік көрпесін бір-бірінен тартпаққа әрекет етуде. Қалай дегенде де кесірін қарапайым тұрғындар татып жатыр. Кімдікі дұрыс, қай тараптың бұрыстығын анықтағанша қирап тұрған жедел сатыларды реттеуге маман қолының тимесі анық. Көбінің пайдалану мерзімі әлдеқайда өтіп кеткен. Істеп тұрғанның өзінде тым қауіпті.

 

Жеңіс Ермұқанов