Денсаулық сақтау

Өңір хирургтары қатерлі ісікке ота жасаудың жаңа әдісін меңгерді

 

 

Мына науқастың оң жақ бүйрегіне қатерлі ісік біткенін дәрігерлер екі ай бұрын ғана анықтапты. Бірден жасалған ота обырдан арылуға сеп болмаған. Сондықтан кеселден айығу үшін жаңа әдіс қолданылуда. Дәрігерлер науқастың бүйрегіне баратын оң жақ қан жүйесі артериясын бітеп тастады. Ағзадағы қан айналымы арнасы өзгертіліп, бүйрекке бармаған соң ісіктің өсіп, өршуі тоқтады. Бұл өңірімізде заманауи әдіспен жасалған алғашқы ота.

 

Давранбек Арыбжанов, ОҚО онкологиялық диспансерінің бөлім меңгерушісі, Шымкент қаласы:

-Бұл әдіс ем-дом қолдануға жарамайтын ісік ауруларына шалдыққан науқастарға қолданылады. Мәселен өкпе, бүйрек, бауыр, ми және жамбас мүшелерінің ісігін тоқтатуға қатысты. Солтүстікқазақстандық әріптестеріме шеберлік сабақтарын өткізуге арнайы келдім. Біз бұл отаны 2008 жылы меңгеріп алдық. Мыңға тарта науқас біздің қолымыздан өтті. Осының есесіне өңіріміз үздік көрсеткіштерге қол жеткізді.

 

Осылайша, оңтүстік өлкеде бүйрек ісігіне шалдығу 25 пайызға, ал бұл дерттен көз жұму көрсеткіші 2 есеге азайған. Бұндай мүмкіндікке өңіріміздегі онкологиялық дерттерден ем алушылар да қол жеткізетін болады. Ол үшін жергілікті мамандар арнайы оқу курстарынан өтті. Материалдық базаның жабдықталуы да операцияның бұл түрін өзімізде жасауға толық мүмкіндік береді. Бұрындары ісікпен күресте ағзаға аса ауыр тиетін химиялық терапия қолданылып келген.

 

Мақсат Кұдратоллаев, СҚО кардиология орталығының бөлім меңгерушісі:

– Рак клеткаларының жиналған жеріне дәлдеп дәрі жеткізе аламыз. Осы арқылы ісіктің өсуін тоқтатып, кей жағдайларда рак өзі таралады. Әрине бұдан науқас толық айығады деп айта алмаймыз. Бірақ өмірін ұзартуға үлкен көмек жасайды.

 

Көбіне қатерлі ісікке шалдыққан жандар 1 жыл да өмір сүрмейді екен. Жаңаша тәсіл қолданылған адамның ғұмыры кемінде үш жылға ұзарады. Бұны оталар статистикасы көрсетіп отыр. Хирургтың пышағына іліккендер 2 сағаттан соң аяғына тұрып, үш тәуліктен соң үйлеріне жіберіледі.

 

Жеңіс Ермұқанов