Аптадағы маңызды жаңалықтар

Бағаны бақылау күшейтіледі

 

 

Еліміз бойынша азық-түлік пен жанар-жағармай құнының өсуі инфляция деңгейінің шарықтауына әкеп соқтырады. Оған жол берілмеуі керек деп атап көрсетті селекторлық кеңесті ашқан Премьер-министр Серік Ахметов. Жалпы алғанда ағымдағы жылдың 10 айындағы ахуал қандай. Ол туралы жиынға қатысушыларды ҚР статистика агенттігінің төрағасы құлағдар етті. Жыл басынан инфляция деңгейі 3,6 пайызды құрап келсе, қазан айында бұл көрсеткіш 0,3 пайызға артқа. Жыл аяғына дейін 5,5 пайызға жетуі мүмкін деп болжанып отыр. Соңғы күндері бірқатар өңірлерде халық күнделікті тұтынатын сүт, жұмыртқа, ботқа және нан бағаларының өскендігі айтылды кеңес барысында. Мәселен, тек өткен айдың өзінде жұмыртқа құны 8,6 пайызға артыпты. Статистика агенттігі мен ауылшаруашылығы министрлігі өкілдері азық-түлік құнының күрт қымбаттауына сырттан келетін импорттың артуы басты себеп дейді. 10 айда бұл көрсеткіш 3,9 миллион АҚШ долларын құраған. Өндіріс көлемі өткен жылмен салыстырғанда өскен, бірақ одан қарапайым халық емес, алып-сатарлар пайда көруде. Осыны сынған алған Серік Ахметов келеңсіздікке жол берілмеу үшін бірінші кезекте отандық тауар өндірушілердің өнімдерін саудаға шығару керектігін алға тартып, жауапты тұлғаларға жағдайды қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Бұл ретте тұрақтантыдыру қорларының жұмысын жандандыру қажеттігін де тілге тиек етті Премьер-министр. Ол баға саясатындағы тепе-теңдікті сақтау үшін қажет. Жиында жанар-жағармай бағасына қатысты да мәселе көтерілді. Бүгінде дизельдік отын мен АИ 80 маркалы бензин құны өзгеріссіз қалса, АИ 92-93 маркалы бензиннің литрі 115 теңгені құрап отыр. Бағаның 5 теңгеге қымбаттауын жауапты министрлік мұнай тасымалының ішкі нарықта 44 пайызға артқандығын алға тартып, бірақ бұл баға жыл соңы және келер жылдың басына дейін өзгеріссіз қалады деп сендірді Серік Ахметовты. Бұдан соң Премьер-министр бірқатар облыс әкімдерінің есебі тыңдады баға саясатына қатысты. Барлығы, бұл уақытша құбылыс, қазір оны тұрақтандыру тұрғысында жұмыстар атқарылып жатыр деп ағынан жарылды. Кеңесті қорытындылаған Үкімет басшысы айтылған сөз атылған оқпен тең болуы керек деп қорытындылады өз ойын. Біздің өңіріміздегі жағдай тұрақты. Оны өңір басшысының орынбасары Қайрат Бекенов атап көрсетті.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Күн сайын сауда орындарында мониторниг жүргізілуде. Өткен аптада жұмыртқа күрт қымбаттағанымен қазір ол бір ізге түсірілді. Бүгінде 10 данасы 175 теңгені құрайды. Нан бағасы да тұрақты.

 

Мәселен “Тайга” базарында жұмыртқаның құны өзгелердегіден қымбат. Себебі ол алыпсатарлардың қолынан өтеді екен.

 

Сергей Леоньтев, “Тайга” базарының басшысы:

-Құс фабрикаларының өкілдері сауда орнын сұрап келген емес. Олар жұмыртқаны өзге сауда орындарына өткізеді. Ал біздегі сатушылар болса солардан алып, үстеме ақы қосып, сатып отыр жұмыртқаларды. Бағаның қымбаттығы да сондықтан.

 

Бағаны күнделікті бақылауда ұстау қажет. Осыны атап көрсеткен облыс әкімі штаб мүшелеріне бұл бағытта өңір кәсіпкерлерімен арнайы жиын өткізуді міндеттеді.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

-Бізде штаб осы аптадан бастап жұмыс істеуде. Жұмыртқа сату бойынша қазір қалада 9 нүкте бар. Алда олардың санын тағы арттыратын боламыз. Нан бағасы да бір қалыпты. Абыржуға негіз жоқ. Тұрақтандыру қорын жасақтап жатырмыз.

 

Алдағы сенбіде облыс орталығында өңір агроқұрылымдары және ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің кеңейтілген жәрмеңкесі өткізілмек. Оған әзірлік барысы жайында жиынға қатысушыларды ауылшаруашылығы басқармасының басшысы құлағдар етті.

 

Серікбай Тұралинов, СҚО ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

-Биылғы жәрмеңке “Өңір берекесі” деп аталады. Оған 13 аудан мен облыс орталығындағы кәсіпорындардың барлығы қатысады. Азық-түлік пен қатар малдың қысқы азығы да саудаланбақ. Жәрмеңке Мағжан Жұмабаев көшесінде өтетін болады. Ол жерге 54 сауда шатырын құрамыз.

 

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы күн тәртібінде қаралған мәселе жіті бақылауда болуы керектігін атап көрсетті.

 

Самат Ескендіров,СҚО әкімі:

-Өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда өңіріміздегі инфляция деңгейі төмен. Баға саясаты тұрақты. Дегенмен сауда орындарындағы тауар құны үнемі бақылауда болуы тиіс. Оны қадағалау да штаб мүшелерінің міндеті.

 

Күнделікті халық тұтынатын тауар түрлері бағасын негізсіз өсіріп, өздеріне пайда түсіргісі келетін алып-сатарлар аз емес. Ондайларға жол берілмеуі керек. Бұл Үкіметтің тапсырмасы.

 

Самат Есмағи