Спорт

Солтүстікқазақстандық спортшы таэквондодан өткен әлем чемпионатында қола жүлдені еншіледі

 

 

Испания елінің Бенидорм қаласындағы таэквон-додан өткен әлем чемпионатында 58 мемлекеттен мыңнан аса мықты таэквондошы бас қосты. Қазақстаннан жарысқа Қарағанды, Петропавл және Ақтөбе қалаларының спортшылары қатысты. Қазанның 24-27 аралығында өткен ересектер арасындағы 18-ші әлем чемпионатында әсіресе, солтүстікқазақстандық Александр Поляковтың айы оңынан туды. Ол маңызды додаға тыңғылықты дайындалғанының арқасында алғашқы үш жекпе-жегінде Парагвай, Чили, Нидерланды елдерінен келген мықты қарсыластарынан басымырақ болды. Бірақ, Александр соңғы, 4-ші кездесуде Ирландияның таэквондошысына соңғы мүмкіндігін жіберіп алып, жүлдесіз қалған.

 

Александр Поляков, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, таэквон-додан 2 дүркін әлем чемпионы:

-Бұл дода еуропалық үлгіде өтті. Бұрындары мұндай ережелері мен шарттары сәл өзгертілген жарыстарға қатысып көрмеппін. Ендігі жолы жаңалыққа үнемі сергектікпен қарап, тың өзгерістерге құлақ түріп жүрермін.

 

Десе де, 4-ші дан иегері Александр Поляков таэквон-доның арнайы техника деп аталатын сынында өз бағын сынап көрмек болған.

 

Александр Поляков, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, таэквон-додан 2 дүркін әлем чемпионы:

-Сайыстың шарты бойынша мен белгілі бір биіктікте орналасқан нысанға аяқ тигізу сынына қатыстым. Аталған сынақты техникалық тұрғыдан мінсіз орындағаным үшін ұпай саны бойынша қола медальға қол жеткіздім. Алғашқы екі жүлдені Филиппин мен Германия спортшылары еншіледі.

 

Александр Поляковтың кәрістердің жауынгерлік өнерімен айналысқанына 15 жыл болған. Ол қазір елге еңбегі сіңген халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қара белбеу мен 4-ші дан иегері. Әлем чепионаттарының 2 дүркін, Азияның 4 дүркін чемпионы.

 

Владимир Хван, Александр Поляковтың алғашқы бапкері:

-Александр үлкен еңбектің арқасында 2 дүркін әлем чемпионы атанып отыр. Бұл Қазақстан мен таэквон-до тарихы үшін үлкен мәртебе. Александрды 6 жасында маған әкесі ертіп әкелген болатын. Ол кішкентайынан спорттық мінезін қалыптастыра бастады. Бақытына орай оған тек шебер жаттықтырушылар ғана кездесті. Өмірінде неше түрлі жағдай болды. Бірақ, олардың барлығын еңсеріп шыға алды.

 

Бенидорм қаласында таэквон-додан өткен ересектер арасындағы 18-ші байрақты бәсекеде Польша, Ирландия мен Жаңа Зеландия құрамалары үздік үштіктің қатарына еніпті. Ал Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте 24-ші орынға тұрақтаған.

 

Берік Қасен