Аптадағы маңызды жаңалықтар

Президент тапсырмаларының орындалуына – жеке жауапкершілік

 

Сын түзелмей, мін түзелмес. Ұлт көшбасшысының ұсынысымен елімізде бірқатар бағдарламалар қолға алынған болатын. Мақсат – экономикамызды нығайтып, халықтың ахуалын жақсарту. Алайда міндет тиісті деңгейде атқарылмауда. Олардың әрқайсысын Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жеке-жеке жіліктеп берді. Ендігі жерде одан нәтиже шығаруымыз керек деп атап көрсетті селекторлық кеңесті ашқан Премьер-министр. Алқа отырысында бірінші болып сөз алған экономика және бюджеттік жоспарлау министрі 9 айда атқарылған істерді қорытындылады. Елбасы міндеттемесі бойынша түрлі бағыттағы 70 шара қолға алынған, жыл басында алайда оның тек 24 жүзеге асырылыпты, алда әлі 46-сы бар. Олар мемлекеттік сатып алу, бюджет, салық заңнамаларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Құрылыстың қарқынын арттыру, күре жолдардың жағдайын жақсартуға қазынадан қыруар қаржы бөлінуде. Бірақ қаражат орынды жұмсалмай келе жатқандығын алға тартқан Серік Ахметов жағдайдың жыл соңына дейін оңалуына бірінші кезекте өңірлік даму министрлігі мен облыс әкімдері жауапты екендігін атап көрсетті. Мемлекеттік сатып алуда да бармақ басты көз қыстылық бар. Бюджеттің игерілмеуі жұмыстың әлсіздігінің айғағы. Премьер осыларды сынға алып, бұған жауапты тұлғалардың бірқатарына сөгіс жариялады. Жылына екі рет индустриалды-инновациялық жобалардың тұсауы кесіледі, бірақ одан не үкіметке, не кәсіпорынға пайда жоқ. «Бизнестің жол картасы», «Еңбекпен қамту-2020», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту» бағдарламалары халықтың әл-ауқатын арттыруға негізделген. Бірақ олар да тиісті деңгейде жүзеге асырылмауда. Серік Ахметов бұларды Елбасы орынсыз сынға алмағандығын айтып, олқылықтарды жыл соңына дейін оңалту қажеттігін атап көрсетті. Ал оның орындалуына бірінші кезекте министрлер мен облыс әкімдері жауапты. Селекторлық байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде жалғасын тапты.

 

Самат Ескендіров,  СҚО әкімі:

-Жиында айтылған ескертпелердің біздің өңірімізге де қатысы бар екендігін естідіңіздер. Айтылған сынды жыл соңына дейін түзетуіміз керек. Оған бәріміз жауаптымыз.

 

Жылан жылы аяқталуға жақын. Биылға бөлінген бюджеттің игерілу көрсеткіші қаншалықты. Ол жайында жиынға қатысушыларды қаржы басқармасының басшысы құлағдар етті.

 

Ескен Әкімжанов, СҚО қаржы басқармасының басшысы:

-Бүгінде бюджет 97,1 пайызға орындалды. Игерілген жалпы сома 3 миллиард 894 миллион теңге. Жыл соңына дейін 100 пайыз болады деп күтілуде. Ал республикалық трансферт болса 97 пайыз жүзеге асырылды бүгінге дейін.

 

Облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасы мен спорт басқармасында тіркеуден өткізілмеген нысандар бар. Көрсеткіштер спортта – 2 , мәдениетте – 3, мұрағатта- 15. Ол бюджетті нақтылауға және мемлекеттік сатып алудың уақытын кешіктіруге әкеп соғуда. Бұл ретте Самат Ескендіров мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының жұмысын қатаң сынға алды.

Өңір басшысы күн тәртібінде қаралған мәселе апта соңында аудан село әкімдерінің қатысуымен өтетін алқа отырысында тағы бір мәрте саралатындығын атап көрсетті. Онда әр мәселе жеке-жеке талданбақ. Орын алған кемшіліктердің барлығы бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс табуы тиіс деді жиынды қорытындылаған Самат Ескендіров.

 

Самат Есмағи