Білім

Білімпаздардың олимпиадалық резервін даярлау мектебі

 

Олимпиадаларды қашықтықтан өткізу жобасының қаншалықты тиімді болатынын Қызылжар ауданының оқушылары байқамақ. Олардың дені оқу озаты, облыстық пән олимпиадаларының жеңімпаздары. Айта кету керек, тың бағдарлама өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Онда бүгін аудандағы орта мектептерден 170-ке тарта жоғары сынып оқушылары жиналған. Мақсат – білім саласын әлемдік деңгейге көтеру. Оған Елбасының дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену саясаты түрткі болды дейді шараны ұйымдастырушылар.

 

Берік Аюпов, Қызылжар аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Қызылжар ауданында бүгін қашықтықтан оқыту олимпиадасының тұсауы кесілді. Мақсатымыз – оқуда биік белестерден көрініп жүрген оқушылардың білімдерін одан әрі жетілдіру. Елбасымыз ауылдық жерлерде инновациялық технологияны енгізу керектігін айтып кеткен болатын, сондықтан да бұл бастамаға ерекше мән береміз. Бүгінде ауданның мектептері толықтай компьютерлік сыныптармен қамтылған.

Ең үздік деген оқушылар 9 бөлімге жіктелді. Олар бүгін математика, физика, химия, биология, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, Қазақстан тарихынан күрделі тапсырмаларды алмақ. Күрделі есеп-қисаптарды оқушылар үйде орындап, жауаптарын жетекшісінің электрондық мекен-жайына жібереді. Жаңа бағдарлама бойынша мектептер интерактивті режимде ай сайын бас қоспақ. Мектеп оқушылары жаңаша үлгідегі олимпиадаға қатысуға қуана келісуде. Олар қашықтықтан оқытудың арқасында берілген тапсырмаларға жақсырақ дайындалуға мүмкіндік бар екенін айтады.

 

Ақмарал Сайдуллаева, Новокаменка орта мектебінің 11 сынып оқушысы:

– Мен Новокаменка орта мектебінен дистанциялық оқытуға келдім. Мен осы олимпиадаға қатысып жатқаныма өте қуаныштымын. Бізге мұғалімдеріміз үлкен үміт артып отыр және біз олардың үміттерін ақтауға тырысамыз. Осы жоғары шыңдардан көрінуге талпынамыз.

 

Балнұр Сүндетова, Новокаменка орта мектебінің 9 сынып оқушысы:

– Бізге беріліп тұрған үлкен мүмкіндік. Басқа жерге бармай, тек қана  онлайн режимде деп айтып жатыр ғой, интернет арқылы олимпиада сұрақтарын шешіп, тестілерді шешуге болады. Бізге өте тиімді.

 

Қашықтықтан оқыту олимпиадаларының алғашқы нәтижелері қаңтар, кейін сәуір айында шығарылады. Егер жоба сәтті жүзеге асып жатса, оған келешекте төменгі сынып оқушылары да тартылмақ.

 

Бақыт Сәдуақасов