Білім

Әдіскер-ұстаздар республикалық сайыста топ жарды

 

 

Республикалық байқауға қатысу үшін әдіскерлер үш кезеңді бағындырды. Ең алдымен аудан мен қаладан 16 үміткер іріктеліп алыныпты. Кейін олардың арасынан облыс көлемінде ең мықты деген 5 әдіскер таңдалған. Сөйтіп, сыннан сүрінбеген 5 байқауға қатысушы республикада өңір намысын қорғап қайтты. Арасында “Креативті әдіскер” аталымын жеңіп алған Роза Нұрқанова да бар. Ол СҚУ колледжінде әдіскер болып қызмет етеді.

 

Роза Нұрқанова, СҚУ колледжінің әдіскері:

-Байқауда білім беру жүйесіндегі өзгешелікке көп көңіл бөлінді. Мен техникалық білім беру жүйесін көрсеттім. Яғни жұмысымның өзгешелігі бүгінгі күні жастарға көп мүмкіндіктің жасалғанын, атап айтқанда, ғаламтор, онлайн және ұялы телефон арқылы тың ақпарат алуға болатынын көрсеттім. Кейінгі буын берілген мүмкіндікті пайдалана білуі керек.

 

Ал, байқауға қатысқан тағы үш әдіскер үздік үштіктен көрінген. Солардың бірі – Гүлмира Еңсегенова. Ол облыстық педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында 6 жылдан бері қызмет етіп келеді. Әдіскер мұндай байқаулар біздің тәжірибемізді нығайта түседі дейді.

 

Гүлмира Енсегенова, СҚО бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының әдіскері:

– Мен 14 адамның ішінде 3-ші орынға ие болдым. Біздің арамыздан инновациялық білім беру жүйесіне үлес қосу бойынша мықтылар анықталды. Байқауда екі авторлық жұмысымды ұсындым. Атап айтқанда, ұстаздардың өз бағытын жоғалтпай, бізбен қоян-қолтық жұмыс істеу керектігін көрсеттім.

 

Алматыда өткен республикалық байқау екі күнге жалғасқан. Онда 100-ге жақын әдіскер сайысқа түсті. Республикалық байқау жеңімпаздары енді Қостанайдағы конференцияға қатысып, өзге әдіскерлермен тәжірибе алмасуға аттанбақ.

 

Бану Ахметова