Көлік және жолдар

Жаңа технологиялар – жол құрылысында

 

Өңірімізде 9 мың шақырымға тарта автомобиль жолы бар. Оның 1468 км. облыс арқылы өтетін республикалық маңыздағы трасса. Қолданыстағы тас жолдардың дені өткен ғасырдың 60-шы жылдары төселіпті. Соңғы сараптама бар жолдың 70 пайызы әбден тозып, бұзылғанын көрсетіпті.

 

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі:

– Ол уақыттағы есептеулерге сәйкес, біздегі жолдар бір дөңгелекке 8 тонна салмақ түсетін көлік нысандарына орайластырылып салынды. Бүгінде көптеп қатынайтын заманауи жүк тасығыштардың мүмкіндігі бірнеше есеге артты. Сондықтан талап та басқа. Бүгінде төсеменің қалыңдығы 1 метрден аспайды. Ал бүгінгі көліктердің салмағын алатын болсақ, ол кемінде 1,5 метр болуы керек.

 

Бұл мәселе әсіресе ауылдық жерлерде өзекті. Өлкеге қарасты жолдардың жартысынан астамы аудандар арқылы өтеді. Сондықтан биыл елді мекендер арасындағы көлік байланысын жақсартуға басымдық беріліпті. Жергілікті маңыздағы тас жолдарды қалпына келтіруге 5 млрд. теңгеден артық қаржы құйылған. Бұл сома былтырғыдан 2 есеге артық.

 

Бейбіт Исманов, СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:

– Келеровка-Тайынша-Чкалов бағытындағы 9 шақырым жол қайта жаңғыртылды. Ондағы 9 шақырымды толықтай жаңарту үшін 1 млрд. 330 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ күрделі жөндеуді қажет еткен 24,7 км. жол қалпына келтірілді. Өлке жолдарының 58 шақырымына орташа жөндеу жасалды. 250 мың шаршы метрде шұңқырлар бікетіліп, ойлар тегістелді.

Осылайша, жолдардың жалпы жағдайы 7 пайызға жақсарыпты. Елбасы Ақордада осы мәселені ерекше атап өтті. Бірінші кезекте, халық шоғырланған елді мекендерді басып өтетін, көлік жиі қатынайтын жолдарға көңіл бөлінуі тиіс. Әсіресе сапа жағын ескеруді жүктеді. Мемлекет басшысы жол құрылысында шетелдің озық үлгілерін пайдалануды тапсырды. Өйтпесе жаңадан төселгені жыл өтпей бұзылып жататыны көпшілікке аян. Бұл мәселені шешу үшін елімізде 40-қа тарта тәжірибе аумағы құрылыпты. Өңірімізде де жаңа технологиялар іске жаратылуда. Әзірге пилоттық жоба Тимирязев – Ақсуат-Мичурино бағытындағы тас жолда сынақтан өтіп жатыр.

 

Бейбіт Исманов,СҚО жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының бастығы:

– 90 мың шаршы метр аумаққа геотекстиль қолданылды. Ылғал өткізбейтін құрылыс материалы қиыршық тас пен асфальттің арасына төселеді. Бұл олардың араласып кетуіне жол бермейді. Және жамылғы да берік бекиді. Сондықтан бұндай жолдардың қолданыс мерзімі де әлдеқайда ұзақ болмақ.

 

Тәжірибе көздегендей нәтиже беретін болса, өңірде жол салу үрдісіне жаппай кірістіріледі. Бұл уақыт еншісінде.

 

Жеңіс Ермұқанов