Мәдениет

“Қазақстан камератасы” мемлекеттік оркестрінің концерті

 

 

“Қазақстан камератасы” мемлекеттік оркестрінің гастролдік сапары аясында өткізіліп жатқан концерт «№3 Бранденбург концерті » туындысымен ашылды. Оның авторы әлемге әйгілі неміс сазгері Иоганн Бах.

Бұдан бөлек классикалық жанрдағы 9 тамаша композиция теріскейліктердің жүрегіне жол салды.

Бұл Қазақстандағы үздік камералық оркестрлердің бірі. “Қазақстан камератасы” аталатын мемлекеттік оркестр 15 жыл бұрын ҚР халық әртісі, танымал скрипкашы – Гауһар Мырзабекованың ұсынысымен құрылыпты. Осы уақыттың ішінде оркестр ұжымы 20-дан астам елде өнер көрсетіп, классикаға жаны құмар шетелдіктерді талай рет тамсандырған. Олардың ендігі мақсаты – Қазақстан қалаларын аралап, отандастарымызды әлемдік музыкаға жақындату.

 

Павел Тарасевич, “Қазақстан камератасы” мемлекеттік оркестрінің дириждері:

-Біз гастрольдік сапармен Қазақстанның барлық өңірлерін аралап жүрміз. Ол үшін жыл сайын ұлттық оркестірімізге мәдениет министрлігі қолдау көрсетіп тұрады. Осыған дейін Көкшетау мен Павлодарда болдық.

 

«Қазақстан камератасының» бір ерекшелігі, оркестр жыл сайынғы бағдарламаламасын шетелдік және қазақстандық композиторлардың туындыларымен толықтырып тұрады. Оркестр құрамындағы өнерпаздар мәдениет саласына қосқан үлесі үшін түрлі марапатқа ие болған. Дені халықаралық конкурстардың лауреаттары. Оркестрде Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының түлектері мен студенттері өнер көрсетіп жүр. Олардың арасында біздің жерлесіміз Әсет Әбдрахманов та бар. Ол консерваторияды “Опера-симфониялық дирижерлау” мамандығы бойынша білім алып жатыр.

 

Әсет Әбдрахманов, домбырашы, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенті:

-Осы жолы Артық Тоқсанбаевтың камералық оркестр мен домбыраның үйлесімділігін паш ететін “Науша қыз” деген күйін орындаймын. Бір аптадай бұрын бұл туындыны Алматы жұртшылығына ұсындық. Бүгін міне, туып өскен жерім Қызылжар жерінде орындайын деп жатырмын.

 

Өнерпаз үшін үздік кәсіби музыканттармен бір сахнада өнер көрсету үлкен мәртебе. Әсет жерлестеріне “Науша” қыз күйін ұсынды.

Әлемге танылып үлгерген камералық оркестр алда Қызылорда, Братислав және Прага тұрғындарын музыкамен сусындатпақ.

 

Берік Қасен