Спорт

Кикбоксшылардың дәстүрлі «Қызылжар» турнирі

 

3 күннің қорытындысы бойынша ел кикбоксшыларының 12 жұбы ғана ақтық сынға өтіп, күш сынасу мүмкіндігін иеленді. Бұл былғары қолғап шеберлері жеңісті қолдан бермей, өзіне тең келер қарсыластың жоқ екенін дәлелдеп шыққандар. Солардың бірі – 7 жылын кикбоксингке арнаған тараздық 19 жастағы спортшы Нұрділдә Ералиев. Ол 51 келі салмақ дәрежесінде шымкенттік Жанат Махамбетті айқын басымдықпен жеңіп, Ұлттық құраманың мүшесі атанды.

 

Нұрділдә Ералиев, спорт шебері, Тараз қаласы:

-Кикбоксингқа келгеннен бері бұл менің үлкендер арасындағы 2-ші Қазақстан кубогы. 2-ші рет жеңіске жетіп отырмын. Бұл жарыста 4 жекпе-жек өткіздік. Ақырғы сайыста мен Шымкент қаласының тұрғынын жеңіп, Қазақстанның 2 дүркін чемпионы атанып отырмын.

 

Нұрділдә Ералиевті әкесі жаттықтырып жүр. Үлкен жетістіктерді аңсаған спортшы бапкерінің үкілеп артқан үміті мен сенімін аяқ асты етпеді.

 

Әбдрахман Қыдырәлиев, Нұрділдә Ералиевтің бапкері:

-Жалпы Қазақстанда 1990 жылдары кикбоксинг ашылған. Ал мен 1992 жылдан бері жаттықтырушылық қызмет атқарып келе жатырмын. Өзімнің 2 ұлым қатысады. Қазір өздеріңіз куә болған Ералиев Нұрділдә 51 кг салмақта чемпион атанды. Екінші Қазыбек есімді ұлым да Қазақстандағы кадеттар арасында қола жүлдегер. Жалпы кикбоксингтің даму қарқыны Қазақстанда жаман емес.

 

Екінші кездесуді елордалық кикбоксшы Ерлан Шағбан мен оңтүстікқазақстандық Данияр Әділхан өткізді. Олар да белден жоғары соққы жасауға негізделген кикбоксингтің фул-контакт түрінен шыдамдылықтарын сынға салды. Бірақ, ҚР чемпионатының 3 дүркін чемпионы Данияр алғашқы сәттен қарсыласын аяқ-қолмен үздіксіз ұрып, соққының астына алды. Нәтижесінде айқын басымдықпен жеңіске жетіп, Қазақстан кубогының иегері атанды.

 

Данияр Әділхан, спорт шебері, ОҚО:

– Осы жарысқа жақсы дайындықпен келіп, 1 белесті бағындырдым. Алда әлі Анталиядағы әлем чемпионаты бар. Сонда Қазақстанның намысын қорғау керек. Осы қазағымның туы биік-биік белестерден көріне берсін деймін.

 

Сөйтіп, бұл жолы солтүстікқазақстандық спортшылардың асығы алшысынан түспей қойды. Турнирде Оңтүстік Қазақстан мен Павлодар топ жарды.

 

Әділ Нұржаупов, кикбоксингтен СҚО бас жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Біз Азамат Нүрпейісов пен Самат Қадірбековке үміт артқан едік. Және Рауан Ысмағұлов бар. Дегенмен, ол жақында әлем чемпионатына қатысып, жарақат алған. Соның салдарынан осы жарысқа қатыса алмады. Азамат Нүрпейісов ақтық ұрысқа шықты, дегенмен 2-ші орынды місе тұтты. Ал Самат жарақаттануына байланысты қола алқаға ғана қол жеткізе алды. Барлығы біздің құрамадан ақтық сынға 8 адам шықты.

 

Түркиядағы кикбоксингтен әлем чемпионатына баратын жеңімпаздар 12 салмақ дәрежесі бойынша анықталды. Барлығы ұлттық құрамаға 18 – 38 жас аралығындағы 16 спортшы кіріп отыр. Олардың арасында 4 нәзік жанды да бар. Олар үлкен додаға бармас бұрын дайындықтарын 18 күн бойы Семей қаласында өтетін республикалық оқу-жаттығу жиынында пысықтайды.

 

Берік Қасен