Бизнес және экономика

Жұмыртқа бағасы ретке келтірілді

 

Жуырда ғана күрт көтерілген жұмыртқа құны тұтынушыларды шошытқан болар. Бір уақытта ондығының бағасы әдеттегіден 45 теңгеге қымбаттады. 225 теңге көбінің қалтасын қағып бұл өнім саудаланатын сөрелер маңайы босаңсып қалған.

 

Евгения Сальникова, Петропавл қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Бар гәп көрші Ресей елінде жұмыртқа бағасының шарықтап тұрғанында. Кедендік одаққа енгесін кәсіпкерлер ортақ баға ұстауға тырысады. Жұмыртқа өндірушілермен шұғыл кеңес өткізіп меморандумға тұрдық. Келісім бойынша құс фабрикаларынан жұмыртқаның ондығы 160 теңгеден беріледі. Базардағы құны 175 теңгеден аспауы тиіс.

 

Бұл тіпті тұтынушыға еті үйренген бұрынғы бағадан да арзандау түседі деген сөз. Петропавлдық Татьяна Саранча бұндай өзгерісті байқап бірден тоңазытқыштың жұмыртқа қорын толтырып алуға бел буыпты.

 

Татьяна Саранча:

-Кеше базарға келіп екі аптаға азық -түлік сатып алдым. Жұмыртқа қымбат болған соң бұл өнімсіз кеткен едім. Бүгін нанға келгенімде құны 50 теңгеге дейін арзандағанын көзім шалып қалды. Осыны пайдаланып көтергенімше сатып аламын.

 

Халыққа алаңдауға еш сеп жоқ. Енді бұл бекітілген сома өзгеріссіз тұрақты болмақ. Облыс орталығының 20-дан артық сауда нүктесіне құс фабрикаларының төл өнімі делдалсыз жеткізіп тұрады. 175 теңгеден артық болса, бұл пайда қуған алыпсатарлардың ісі.

Бүгінде өңірімізде 4 бірдей құс фабрикасы жұмыртқа өндірумен айналысады. Барлығы да қанаттыларды бағып күтуге жайлы саналатын Қызылжар ауданында орналасқан. Өткен 9 айда ғана фабрикалар жұмыртқаның 178 млн данасын шығарыпты. Жалпы жан басына шаққанда жылына 124 жұмыртқа кетеді екен. Саудалауға жіберілетін өнім саны облыс халқының сұранысын қанағаттандыруға әбден жетеді.

 

Жеңіс Ермұқанов