Қоғам

Статистика мамандары солтүстікқазақстандықтардың орташа рационын есептеп шығарды

 

 

Облыстың іріктеліп алынған үй шаруашылықтарын зерттеу барысында бір солтүстікқазақстандықтың үлесіне бидай ұны мен бірінші сұрыпты нанның 14 келісі тиген. Макаронның 4 келіге жуығы, 2 жарым килограмм күріш пайдаланылған. Ал қарақұмық көлемі 2 келіден аз. Еттің ішінде, солтүстікқазақстандықтар құс етіне басымдық беретін көрінеді – ол 3,5 келі. Қой етінің өңір тұрғындары орташа алғанда небары 1,2 келісін ғана асқа пайдаланады. Бұл уақытта осынша көлемдегі шұжық өнімдері мен тұшпара желінген. Өңірдің әр тұрғыны 18 литрге тарта сүт, 2 литр айран ішкен, 2 келі қаймақ пен 1 келіге тарта ірімшік және осындай көлемде сары май жеген. Ал өсімдік майы әр тұрғынға шаққанда 3,3 литрді құраған. Статистика мамандары атап өткендей, өткен тоқсанмен салыстырғанда, сүт және сүт өнімдерін тағамға пайдалану көрсеткіші 17,4 пайызға, жұмыртқа 62,6 пайызға артқан. Атап өтерлігі, тәттіқұмарлар бұл жолы 4 келі қант, 1 жарым келі кәмпит жесе, тосаптың көлемі 700 граммды ғана құраған. Бәлкім жерлестеріміз жаз бойына көкөніс пен жеміс-жидекке басымдық берген болар. Өткен тоқсанда облыстың әр тұрғыны 9 келі жеміс, 14,3 келі көкөністі асқа пайдаланған. Ал бір адам тұтынған 4 келі балықтың 2,6 келісі ғана қатырылмаған, тұздалмаған балық. 300 граммы қатырылған балық болса, өзгесі басқа теңіз өнімдеріне келеді.

 

Гүлмира Шоқтыбаева