Бизнес және экономика

“Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының Қызылжар ауданында жүзеге асырылуы

 

 

Қайырбек Құлыбеков – ағаш шебері. Осыдан жарты жыл бұрын тұрақты жұмыс таба алмай, біраз қынжылыпты. Көздегеніне жетуге Қыжылжар аудандық жұмыспен қамту бөлімінің мамандары септескен. Енді міне өңіріміздегі озық деген “Ахмутдинов” ЖК нәпақасын тауып жүр. Өмірлік тәжірибесіне жақын табиғи шикізаттан түрлі шаруаға жарар бұйымдар жасайды. Мұнда маманның табысты еңбек етуіне бар жағдайлар жасалынған.

Өзгеге үлгі болар өндіріс ошағы жұмыспен қамту орталығымен ұдайы байланыста. Соңғы екі жылда ғана әлеуметтік қызметке жүгініп, екі қолға бір күрек табуға құлшынған 16 жұмыссызды еңбекпен қамтыпты. Оған қоса тұрмыстық жағдайларын орайластыру да елеусіз қалып жатқан жоқ.

 

Александр Камалетдинов “Ахмутдинов” ЖК директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

-Баспанаға зәру қызметкерлерге 11 пәтерлі 7 үй салып бердік. Жылда шипажайға жолдама береміз. Тамақтану тегін. Биыл өндірісіміз еуро отын зауытымен толығады. Іске қосылуымен 10 жұмыс орны ашылады. Келер жылы тағы ағаш плита шығару шеберханасы салынады. Іргеміз кеңейген сайын жаңа мамандар аса қажет болады.

 

Ирина Пипко да мемлекеттік бағдарламаның шарапатын татқандардың бірі. Арнайы білімі болмаған соң ұзақ уақыт қол қусырып отырыпты. Жоба аясында үкімет есебінен аспазшы мамандығының қыр-сырын игеріп алған. Кәсібін аудан орталығындағы «Мирас» балабақшасынан бастады.

 

Ирина Пипко, “Мирас” балабақшасының аспазшысы, Қызылжар ауданы:

-Жұмыспен қамту орталығы тегін оқытты. Кейін жұмыс тауып берді. Әріптестеріммен 280 бүлдіршінді 4 мезгіл тамақтандырамыз. Ас мәзірі барлық санитарлық талаптарға сай, дәрумендерге толы. Жұмысым өзіме ұнайды.

 

Жалпы аудан бойынша еңбекке жарамды 18 жұмыссыз қайта оқытылды. Бүгінде барлығы табысты еңбек етіп жүр. Жыл соңына дейін тағы төртеуі осы лекке қосылады.

 

Раушан Текебаева, Қызылжар аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– 31 студент өндірістік тәжірибеден өтуге жіберілді. Жас мамандардың барлығы дерлік тұрақты жұмысқа қабылданды, ауданның 7 кәсіпорыны қолдау жасады. Әлеуметтік жұмыстарға 34 адам тартылған. Бағдарлама аясында жыл соңына дейін 11 нысанды жөндеу керек еді. Тең жартысы тындырылды. Өзгелері аяқталуға тәмам. Ол шаруаға да жұмыссыздарды кірістірдік.

 

Жеке іс ашып, өндіріс ауқымын ұлғайтуға бел буған ауылдықтарға 62 млн теңгенің жеңілдетілген несиесі рәсімделіпті. Жылдық үстемдік ақы 6-ақ пайыз. Ол мөлшерлеменің өзін қарыз иелері шаруасын аяққа қойғаннан соң өтей бастайды. Ол үшін 1,5 жыл уақыт беріледі.

Жеңіс Ермұқанов