Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қоғамдық тұрақтылықты нығайту

 

Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес отырысына төрағалық еткен облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов егеменді елімізде діннің алар орны ерекше екендігін атап көрсетті. 130- дан астам ұлттар мен ұлыстарға ортақ мекен бола білген Қазақстанда ұлтаралық татулық нық орнаған. Онда дінаралық ауызбіршіліктің алар орны ерекше.

Өңіріміздегі діни ахуал қандай, 9 айда нендей жұмыстар атқарылды. Ол жайында кеңеске қатысушыларды дін істері жөніндегі департамент басшысы Мұратбек Зейнуллин құлағдар етті.

Десек те облысымызда «Благодать» , «Свидетели Иеговы» атты діни ұйымдар да жоқ емес. Олар мұсылман, христиан, католик сеніміндегілерді өздеріне тартуды мақсат еткен. Бұл ұйымдардың іс-әрекеті дін істері жөніндегі департамент пен құзырлы органдардың жіті бақылауында. Жиында дінаралық татулықты насихаттау тұрғысында облыстық ардагерлер кеңесі жанынан нәзік жандарға арналған клуб құрылса деген ой тасталды ортаға.

Өңірімізде діни ұйымдардың көптеп шоғырланғаны Тайынша ауданында. Олардағы діни бірлестіктер 17, діни нысандар саны -36. Дін аралық татулықты насихаттауда бір-бірлерімен ықпалдастықтары қаншалықты. Жағдайды аталмыш аудан басшысы баян етті.

 

Серік Салтықов, Тайынша ауданының әкімі:

-Аудан көлемінде бірнеше миссионерлер де жұмыс істейді. Олардың барлығы дін істері департаментінен аккредитациядан өткен, құжаттары бар. Мақсаттары дінаралық татулықты уағыздау. Іріткі салар фактілер тіркелген жоқ.

 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары күн тәртібінде қаралған мәселелер жіті бақылауда болуы тиістігін айтып, діни бірлестіктер мен ұйымдардың жұмысына үнемі мониторинг жүргізіліп отыруы керектігін атап көрсетті.

 

Самат Есмағи