Білім

Өңір мектептерінде электрондық оқыту жүйесі енгізілуде

 

 

Оқытушылар қауымы бірауыздан «E-learning» электрондық оқыту жүйесінің тиімділігі көп дейді. Бүгін оның пайдасы ашық сабақ барысында іс жүзінде көрсетілді. Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Рысжан Габралиева  мектепке келмеген балаларды ең алдымен қағазға түртіп алып, кейін оны электрондық журналға түсірді. Белгілі бір себеппен сабақты босатқан оқушыға өткен тақырып пен келер күннің сабақ кестесін электрондық пошта арқылы жіберуге болады. Бұл “Е-learning” мүмкіндіктерінің бір парасы ғана.

 

Рысжан Габралиева, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің қазақ тілі пәні мұғалімі:

-Сонымен қатар сандық білім ресурстарында электрондық кітапхана бар. Сабақта сандық білім ресурстарын құрал ретінде қолдануға, оқушылардың материалды меңгеруін тексеруге ыңғайлы. Сондай-ақ, мұғалім Adobe Connect арқылы мүмкіндіктері шектеулі балалармен дистанциялық сабақ-вебинар өткізе алады.

 

Ал, ата-аналар үйде отырып, балаларының үй тапсырмалары мен бағаларын ғаламтор арқылы тексеруге мүмкіндік алды. Виртуалдық қарым-қатынас арқылы мұғалімдермен тілдесіп, мектеп ісіне де араласа алады.

 

Дина Әбілмәжінова, ана:

-Пән мұғалімдерінің қойған бағалары менің электрондық поштама келіп, көрініп тұрады. Және де балаға ауырып қалып сабаққа қатыса алмай қалса, мұғалімдер өткен сабақ пен үй тапсырмалары сол электрондық пошта арқылы балаға жіберіп тұрады. Біз үшін өте ыңғайлы. Және баланың білім сапасын көтеруде бұл бір тамаша ойлап тапқан қазақстандық жоба деп ойлаймын.

 

Бұл мектептен басқа өткен оқу жылы Петропавл қаласында 6 мектеп “e-learning” жобасы арқылы электронды оқыту жүйесіне көшірілді.

 

Гүлмира Ерғалиева, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

– Осы оқу жылында Петропавл қаласында 6 білім беру ұйымы “e-learning” жобасы арқылы электронды оқыту жүйесіне енгізіледі. Автоматтандырылған жүйеде оқушылар жеке портфолиосын жүргізеді. Күнтізбелік тақырыптық жоспарларын электрондық дәптерге жазады және SMS хабарлар арқылы ата-аналарымен байланыста болады.

 

Электронды оқыту жүйесіне 2012 жылы облыс бойынша 60 мектеп қосылды. Биыл тағы 35 мектеп оқушылары электронды оқыту бағдарламасын меңгереді. ҚР Білім және ғылым министрлігі аталған жобаны қарқынды түрде 2016 жылға дейін жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

 

Берік Қасен