ТКШ

Баспанамен қамтамасыз ету – маңызды әлеуметтік мәселе

 

Теріскейге “Қолжетімді тұрғын үй” бағдарламасына деп биыл 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген екен. Соның 2,5 млрд-ы баспана салуға болса, 1,8 млрд-ы оларға инженерлік-коммуникациялық желі тартуға. Өңірдегі құрылыс ауқымы кең. Аудан орталықтары Мамлют, Тимирязев, Тайыншада бір-бірден жалдамалы-коммуналдық үй тұрғызылуда. Петропавлда салына бастаған тағы осындай 2 баспана келер жылы тапсырылады. Аймақта жас отбасыларға да арналған үй бар. Тайыншада 24 пәтерлі баспана қайта қалпына келтірілсе, Петропавлда жаңа 75 пәтерлі нысан жылдың соңына дейін беріліп қалуы тиіс.

 

Ратмир Усманов, СҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Үш 27 пәтерлі және 15 пәтерлі үйлердің құрылысын алдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр. Тұрғын үй- құрылыс жинақ жүйесі арқылы салынып жатқан 3 үйдің екеуі биыл, біреуі келесі жылы тапсырылмақ.

 

Үй тұрғызу жұмысы бірнеше бағытта іске асуда. Қазақстан азаматтары өздерінің шама-шарқына, ыңғайына қарай тұрғын үй-құрылыс жинақ жүйесі арқылы немесе жалдамалы-коммуналдық және жас отбасыларға арналған бағдарламаларды таңдай алады.

 

Ратмир Усманов, СҚО құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Ағымдағы жылы Қазақстан ипотекалық компаниясы арқылы баспана салуды бастау жоспарланып отыр. Қазір жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Ол мемлекеттік сараптамада жатыр.

Облыста, сондай-ақ, әлеуметтік нысандардың да құрылысы қарқын алған. Смирново, Явленка, Булаево және Сергеевкада бір ауысымда 250 адамды қабылдай алатын 4 емхана салынуда. Ал, Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылында биыл жаңа мектепті ашсақ, Мамлюткада тағы біреуінің қазығы қағылды. Амандық болса, бұл білім ошағында 300 оқушы оқи алады.

 

Данаш Хамзина