Аптадағы маңызды жаңалықтар

Студенттердің еңбек жасақтары кезекті маусымды қорытындылады

 

Осылайша ұрандатқан өңіріміздің жастары шұрайлы аққайыңдар өлкесін көгалдандырамыз деп белді бекем буғандарын білдіруде. Белсенді өрендер игі ниеттерін сөзбен ғана емес іспен дәлелдеп жүр. Елжандылардың бет алысы жаман емес.

 

Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Мыңнан астам «Жасыл ел» және құрылыс жасақтарының өкілдері биылдың өзінде ғана қыруар іс тындырды. Олардың жұмылуымен 24 мыңнан артық жасыл желек отырғызылды. Жастар бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысына үн қосты. Өңірімізді абаттандыруға қатысты өзге де игі шараларға араласты.

Игі бастама жастарды еңбекке баулып қана қоймай, олардың жазғы демалыстағы қосымша табыс көзіне айналды. “Жасыл ел” мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға облыс бойынша 9,5 млн. теңге құйылған. Бұл қаржы жасақ мүшелерінің жалақысын төлеуге бағытталыпты. Ауқымды шараға барлығы 328 студент білек сыбана кіріскен. Белсенді жастар су көздерін, тоғайларды қоқыстан арылтты, жас көшеттер екті. Араларынан ісіне аса жауаптылықпен қараған үздіктері анықталып, бүгін бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Данил Югов,”Жасыл ел 2013″ жасағының үздік жасақшысы:

-Мен бос уақытымда азын-аулақ ақша тауып қана қоймай, туған өлкемнің гүлденуіне сәл үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Үздік атануға тырысқаным жоқ. Тек берілген тапсырманы екі етпей орындадым.

 

Студенттік құрылыс жасақтарының да еңбегі ерекше бағаланды. Алғырлары құнды сыйға ие болды. 600-ден астам жасақ құрамы ҰОС, тыл еңбеккерлері, мүгедек жандардың орамдарын, ауылдағы әлеуметтік нысандарды ретке келтіріп, жаңа ғимараттарды тұрғызуға атсалысты. М. Қозыбаев атындағы СҚМУ биылғы түлегі Нұржан Желдібаев білімін кәсіби шыңдау мүмкіндігі туғанына разы. Оның үстіне студент жасақтың үздігі деп танылды.

 

Нұржан Желдібаев, Студенттік құрылыс жасағының үздік жасақшысы:

– Қала құрылысына араласып, біраз тәжірибе жинақтадым. Болашақта кәсібімді жетік меңгеруге үлкен сабақ алдым. Сонымен қатар бір айда 40 мыңнан артық қаржы таптым. Жақсы демеу болды.

 

Сондай-ақ орман мекемелерінің арасында “Қызылжар мемлекеттік орман шаруашылығы” үздік деп танылды. Салтанатты жиында жастарды жұмыспен қамтушы кәсіпорын басшылары қошеметке ие болды. “Мен кәсіпқой” байқауының қорытындысы да жарияланды. Жеңімпаздар 4 аталым бойынша анықталды.

Жалпы жыл басынан 2 мыңға тарта студент екі қолға бір күрек тауып, маусымдық жұмыспен қамтылыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов