Мәдениет

“Роза ветров-2013” байқауынан солтүстікқазақстандықтар екі жүлде алып қайтты

 

 

“Жас дарын” өнер мектебінің тәрбиеленушісі Варвара Шевченко жарыстан 2-ші орынмен оралды. Байқау қорытындысы бойынша ол “Соло” эстрадалық вокалының лауреаты атанған. Айтуынша әр мемлекеттен келген қатысушылар осал болмаса керек. Сондықтан олардың алдын орау үшін барынша тырысып бақтым деп отыр.

 

Варвара Шевченко, конкурсқа қатысушы:

-Мен конкурста 2 ән орындап шықтым. Екеуі де испан тілінде. Қазылар алқасы өнеріме тәнті болып, тиісті бағасын берді.

 

Аталмыш байқауда “Пульс” ансамблінің тәрбиеленушілері де бақтарын сынапты. Сайыста мүмкіндігі шектелмеген сау балалармен тең дәрежеде өнер көрсеткен құлағы мүкіс және нашар еститін жандарға оңай тимегені анық. 18 жылдық тарихы бар өнер ұжымы жұртшылық назарына өзбек ұлттық биін және қыз-жігіттер биін ұсынған.

 

Ақнұр Әубәкірова, “Пульс” ансамблінің бишісі:

-Біз сайысқа түпкілікті дайындалып бардық. Фестивальге қатысқан ұжымдар қарасы қалың. Әркім мүмкіндігінше алға шығуға тырысты. Биімізді біз де шеберлікпен орындап шықтық. 1-ші орын алғанымызға қуаныштымыз.

 

Марина Сухарева, “Пульс” ансамблінің шығармашылық жетекшісі:

-Мәскеуде өткен финалда бар өнерімізді көрсеттік. Конкурс оңайға тиген жоқ. Біздің ұжым әуенді естімей биледі. Қатты толқыдық. Бірінші орын аламыз деп ойламаған едік, ол туралы естігенімізде қуанышымызда шек болмады.

 

Фестивальде барлығы 1500-нан астам өнерпаздар бақ сынаған. Олар хореография, ән шырқаудан өнер көрсетіпті.

 

Бақыт Сәдуақасов