Спорт

Петропавлда кикбоксингтен ҚР Кубогы үшін жарыстар басталды

 

Дәстүрлі жарысқа спортшылардың осылайша белсенді қатысуы тегін емес. Өйткені дәл осы жарыста мықтылардың мықтысы анықталып, үздіктері кикбоксингтен ұлттық құрамаға енеді. Яғни, ел намысын әлемдік рингтерде қорғайды. Алғашқы болып шаршы алаңға қостанайлық Руслан Чемурзиев пен шымкенттік Ғалымжан Қанаев шықты. Олар қазір кикбоксинг спортының белден жоғары соққы жасауға негізделген түрі фул-контакт сынында өз күштерін бағамдауда. 1-ші раундтан бастап басымдық оңтүстікқазақстандық боксшыда болды. Ал, оның көк бұрыштағы қарсыласы негізінен қорғанысқа мән берді. Нәтижесінде Руслан Чемурзиев аяқпен тиісті жұмыс істемегені үшін төрешіден ескерту алды. Ереже бойынша бір раундта аяқпен 6 рет соққы жасап үлгеру қажет. Бұл кездесуде бірауыздан жеңіс Ғалымжан Қанаевқа берілді.

 

Ғалымжан Қанаев, кикбоксингтен спорт шебері, ОҚО:

-Дайындығым жақсы. Бұйыртса, осы жерден 1-ші орынды алсам, Турцияға барамын ғой. Бірақ, қарсыластарым мықты. Бұйырса чемпион болып, Қазақстан туын өзге елде көтеру арманым.

 

Әр кездесуде 3 раунд қарастырылған. Әрқайсына 2 минуттан берілген. Осы уақыт аралығында спортшы өзінің шеберлігі мен айла-тәсілдерді жетік меңгергенін көрсете білуі тиіс. 81 келі салмақ дәрежесінде күш байқасқан 2-ші жұптың ішінен бұл мүмкіндік жерлесіміз Нұрсұлтан Жақыповтың қолынан келді. Кикбоксингпен 6 жыл қатарынан айналысатын спортшы болашағынан үлкен үміт күттіреді. Нұрсұлтан ел мен облыс көлеміндегі 80-ге жуық чемпионатқа қатысып, оның 65-інде жеңіске жеткен.

Нұрсұлтан Жакупов, кикбоксингтен ҚР спорт шебері, СҚО

-Жекпе-жегім оңай тиген жоқ. Дегенмен жеңіске жеттім. Бұл мені жаттықтырған бапкерлерімнің арқасы деп есептеймін. Алда әлі 3 кездесу өтеді. Сонда өзімді барынша көрсетіп, ақтық сынға өтіп, жаттықтырушылардың назарына іліккім келеді. Қазақстан құрамасында лайықты орын аламын деген ойдамын.

 

Ел чемпионатында барлығы 12 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар анықталмақ. Кикбоксшілер “Фул-контакт” пен “К-1” деген 2 түрі бойынша қолғап түйістіреді. Спортшылардың дайындық деңгейін байқау үшін байрақты додаға ҚР-ның кикбоксингтен бас жаттықтырушысы Қайрат Смағұлов арнайы келген.

 

Қайрат Смағұлов, кикбоксингтен ҚР бас жаттықтырушысы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

– Осы құрама командаларды осы 4 күн арасында іріктегесін бізде желтоқсан айында Түркияда әлем чемпионаты өтеді. Соған осы мықты деген жігіттерді апарамыз. Енді, жарыс алдында Семей қаласында 18 күн оқу-жаттығу жиыны өтеді.

 

Тартысты турнирдің жеңімпаздары дүйсенбі күні анықталмақ.

 

Берік Қасен