Құқық қорғау органдары

Петропавлда екі зорлықшы ұсталды

 

 

Күнара қоңырау шалып тұратын 19 жасар қызының бір апта байланысқа шықпағаны анасын қатты алаңдатыпты. Хабар-ошарсыз жоғалған қызын іздеу үшін жақын маңдағы полиция бөліміне арызданады. Соңғы рет бойжеткенді облыс орталығында көріпті.

 

Жанат Аманжолов, Петропавл қ. ІІБ аға тергеушісі:

– Қыздың тұрған жерін анықтадық. Ол Петропавлдағы пәтерлердің бірінен табылды. Жәбірленушінің айтуынша бір топ тұлға оны 4 бөлмелі пәтерге күштеп қамап қойыпты. Нәзік жанды бейтаныс адамдардан зорлық көрдім деп шағымданды. Сезіктілер дөрекі мінез танытып қоймай, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеген.

 

Тәртіп сақшылары нәзік жандының ар-намысын таптады деген күдікпен екі сезіктіні құрықтады. Қазір ұсталғандар уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұндай бассыздыққа барған 1979 және 1987 жылы туған облыс орталығының тұрғындары болып шықты. Қаскөйлердің бірінің бұрындары басы істі болған. Жәбірленушімен көңіл көтеру мақсатында танысқан. Күдіктілер зорлық-зомбылықтың сұмдық көрінісін телефонға түсіріп, бейнефайлды сақтап қойыпты.

 

Күдікті:

-Сенбі күні қатты мас болдық. Жолдастарым мені қызбен жыныстық қатынасқа түсуге итермеледі. Өздері болған оқиғаны бастан-аяқ ұялы телефонға түсіріп алды. Неге үйтіңдер деп сұрағанымда қызды әжуалап, түнгі көбелек етуге мәжбүрлеуге керек болады деді.

 

Қазір шектен шыққандарға қатысты үш бірдей қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмысқа қатыстылығы дәлелденсе, әрбірі кемінде 6 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

 

Жеңіс Ермұқанов