ТЖ

Өңірде қарашаның бірі мен екісі күндеріне төтенше жағдай жарияланды

 

Табиғаттың тосын мінезін өзгерту адамзат баласының қолынан келмейді. Қазанның 28-де Атлант мұхитынан бастау алған «Әулие Иуда» құйынының күштілігін бірінші болып Еуропа халқы сезінді, онда желдің екпіні сағатына 150 шақырымға дейін жеткен. Қазір ол Ресейдің бірқатар облыстарын басып, еліміздің солтүстігіне беттеп келеді. Ал ауа райын болжау орталығының мамандары болса, құйынның күші бәсеңсігенін айтады. Десе де сақтықта қорлық жоқ деген қағиданы есте ұстаған абзал.

 

Гүлзат Ғазизова, «Қазгидромет» РМК СҚОФ-ның бөлім жетекшісі:

-Циклон қатты жылдамдықпен шығысқа қарай ойысуда. Ол біздің өңіріміз арқылы өтеді деген болжам бар. Осыған орай облыста қарашаның 1-2 күндері ауа райы күрт өзгеруі мүмкін деп төтенше жағдай жарияланды. Бұл аралықта жаңбыр жауып, арты қарға ұласуы мүмкін. Желдің екпіні күшейіп, кей жерлерде ол секундына 28 метрге дейін жетуі ықтимал.

 

Қарашаның 1-2 күндері облысымызда желдің екпіні ұлғаятыны туралы кешенің өзінде 500 мыңнан астам солтүстікқазақстандықтың ұялы телефонына СМС хабарламалар жіберілген. Тосын құбылыстың алдын-алу тұрғысында қазір төтенше жағдайлар департаменті мен құтқарушылар қызметі күшейтілген жұмыс түріне көшті. Дегенмен мамандар бұл күндері облыс көлемінде алыс жолға шықпаған абзал екендігін де ескертеді.

 

Евгений Журавлев, СҚО ТЖД баспасөз қызметінің өкілі:

-Жолға шыққан күннің өзінде көлігіңіздің ақаусыз екендігіне көз жеткізген жөн. Сапар барысында қандай да бір оқис оқиға орын алса, байланыстың кез-келген түрімен 112 номеріне хабарласу қажет. Диспетчерлік қызмет күні-түні жұмыс істейді. Бұл күндері жолдардың бәрін бақылауда ұстайтын боламыз.

 

Болжам бойынша құйынның екпінін Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай облыстарының тұрғындары сезінуі ықтимал. «Қазгидромет» мамандары, желдің екпіні басылысымен, ауа райы күрт суытуы мүмкіндігін айтады. Қалай болған күнде де сақтансаң сақтармын деген қағида қашанда қаперіңізде жүрсін.

 

Самат Есмағи