Спорт

Дене шынықтыру және спорт басқармасының алқа отырысы

 

 

Сары аязы 5,6 айға жалғасатын Солтүстік өңірде әсіресе, қысқы спорт түрлерін дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Отырыстың өзекті тақырыбы осы болды. Мәселен, М.Жұмабаев ауданының қысқы спорт түрлеріне деген әлеуеті жоғары болғанымен, ондағы “БЖСМ”-нің тәрбиеленушілері шаңғы жарысынан облыстық жарыстарда өздерін жақсы қырынан байқата алмай жүр. Соңғы рет осыдан 5 жыл бұрын “Север” спартакиадасында 1-ші орынды иеленген ауданның одан өзге, ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері жоқ. Жаттықтырушылар тарапынан тиісті деңгейде жұмыс атқарылмай жатқаны ма, спортшылар жеңіс тұғырынан көріне алмай жүр. Облыс орталығындағы спорт интернатына да ауданнан бірде-бір дарынды балғын жіберілмепті.

 

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

-Менің пайымдауымша, ауылдық мектептердегі дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері мықты спортшыларды дер кезінде анықтап, оларды жақсы дайындау үшін спорт интернатына жолдауы керек. Аталған мекемеде оқушылар күніне 2 рет күшейтілген жаттығуға көңіл бөліп, 5 рет тамақтанады. Олар келешекте үлкен нәтижелер әкеледі.

 

Алқалы жиында 2014 жылы Сочи қаласында өтетін қысқы олимпиада ойындарына қатысатын солтүстікқазақстандық спортшылардың дайындығы да сөз болды. Бұл туралы олимпиадалық резервті даярлау орталығының директоры Сергей Пермин баяндады. Байрақты додаға өңірімізден 4 биатлоншы, сонша шаңғышы және 10 конькиші қатысады деп күтілуде.

 

Сергей Пермин, олимпиада резервін даярлау орталығының директоры:

– Әрине, СҚО республикада қысқы спорт түрлерінен алдыңғы орындардан көрінбей жүргенін жасырмаймыз. Осы бағытта жұмыстар атқарылуда, әзірге, жүйрік конкишілеріміз ғана ел додасында жоғары нәтижелерге кол жеткізіп жүр. Одан басқа 2017 жылғы универсиадаға ілігеді деген үмітпен 2 мықты шаңғышыны баптау үстіндеміз.

 

Елбасы 2020 жылға дейін спортпен айналысатын азаматтар қатарын – 30, ал балалар мен жасөспірімдер санын 15 пайызға жеткізуді мақсат еткен болатын. Жиын барысында бұл мәселе де назардан тыс қалған жоқ. Өткен жылдармен салыстырғанда спортқа тартылған оқушылар саны әлдеқайда өскен. Оның бір себебі – аудан орталықтарында ашылған 4 спорт мекемесі. Айта кетсек, Мамлют ауданында – велосипед спорты, Шал ақын ауданында күрес, тоғыз құмалақтан БЖСМ жұмысын бастады. Жалпы бүгін облыс бойынша спортты дамытуға бағытталған мектептерде 11 мыңнан астам жасөспірім тәлім-тәрбие алуда.

 

Руслан Есеналин, СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Бүгінде өңірде 143 мыңнан астам адам үздіксіз спортпен шұғылданады. Ол – жалпы тұрғындардың 24 пайызы. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3000 спортшыға артып отыр. Үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған “Үміт” спорт мектебі мен шілде айында Александр Винокуров атындағы велосипед клубы ашылды.

 

Осылайша, отырыста 9 айда атқарылған жұмыстар түпкілікті сараланып, алдағы жұмыс жоспары бекітілді.

 

Берік Қасен