Білім

Білім сайысы

 

 

4 сағат ішінде оқушылар химия, физика, биология және математика пәндері бойынша берілген тапсырмаларды еңсерулері қажет. Ақберді Мырзабай жаратылыстану пәндері десе ішкен асын жерге қояды. Содан болар ол өз болашағын химия пәнімен байланыстыруды жөн көрген. Бүгінгі оқушы, ертеңгі түлек пайдалы қазбаларды зерттеп, олар жайлы ілімді әрі қарай дамытуды көздейді. Олимпиадаға да тыңғылықты дайындалып, алдағы үлкен сынақ қарсаңында өз білім деңгейін таразылауға келген.

 

Ақберді Мырзабай, А.Шәжімбаев атындағы №3 Явленка орта мектебінің 11 сынып оқушысы, Есіл ауданы:

-Тапсырмалар әр түрлі. Қиындары да кездеседі. Бірақ барлығы мектепте өткен тақырыптар.

 

Биыл 6-шы рет өткізіліп жатқан Президенттік сынаққа облысымыздың барлық мектептерінен 200-ге жуық оқушы қатысуда. Сынға түскен шәкірттердің жұмыстарын М.Қозыбаев атындағы СҚМУ білікті мамандары бағалайтын болады. Олардың айтуынша биылғы тапсырмалар алдыңғы жылмен салыстырғанда біршама жеңілірек.

 

Айнаш Бектемісова, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ органикалық химия және ЖМҚХ доценті, х.ғ.к:

-Тапсырмалар деңгейі онша қиын емес. Ойлау қабілетін талап етеді. Кей жерлерде логикалық тапсырмалар да кездеседі.

 

Президенттік сынақтың ақырғы кезеңіне білімі мен ойлау қабілеті ерекше оқушылар ғана жолдама алды. Екінші кезеңнің тапсырмаларын да үздіктер ешқайда бармай, қашықтықтан орындайтын болады. Республикалық турда үздік деп танылған шәкірттер ҰБТ тапсырудан босатылып, еліміздің және шетелдік ЖОО біріне тегін оқу грантын иеленуге мүмкіндік алады.

 

Мағжан Ахмадина