Қоғам

Жастар ұйымдары өз қызметтерін қорытындылады

 

Бүгінде облыс орталығында танымдық бағытта, білім, мәдениет пен спорт салаларында 10 жоба іске асырылуда. Қала жастарының бастамаларын қолдау үшін биыл жергілікті қазынадан 10 млн. теңге қарастырылыпты. Петропавл қаласының әкімі Төлеген Закариянов жастардың 9 айда атқарған жұмыстарының нәтижесін өзі тыңдады. Облыс орталығының басшысы аталған әлеуметтік бағдарламаларға атүсті қарамай, олардың кейін қала өмірін өзгертетіндей жағдайда болуы керектігіне назар аударды. Мысалы, “Азаматтық бастамаларды дамыту институты” тамыз айынан қала тазалығына қатысты бірнеше жобаны іске асырды. Шара аясында волонтер жастар Петропавлдағы тазалықтың қаншалықты сақталып келетінін бақылаған.

 

Әсемгүл Есқожа, “Азаматтық бастауларды дамыту институты” ҚБ төрайымы:

– Аулаларда рейд жүргізу. 100 шақты волонтер жігіттер мен қыздар аулаларды аралап, кір және лас аулалардың тұрғындарымен жұмыс жасады.

 

Ұйым белсенділері жоба аясында 11 тексеріс шарасын жүргізген. Нәтижесінде рейд барысында 120-дан астам аула қамтылып, соның 30 пайызы лас теп танылды. Жастар тазалық сақталмайтын аулаларды қараша айында қайта аралып, сын-ескертпелердің қаншалықты орындалғанын байқауды жоспарлап отыр. Ал, СҚО бойынша “Қазақстан студенттер Альянсы” ЖОО мен колледж студенттеріне арналған 20 шақты шара өткізіпті.

 

Динара Мақсұтова, СҚО бойынша “Қазақстан студенттер Альянсы” ҚБ төрайымы:

– Осы жылда “Мен темекіге қарсымын”, “Мен патриотпын” акцияларын өткізген болатынбыз. Енді пікір-сайыс дебат қозғалысын дамыту қолға алынбақ. Өйткені, қазақ тілді пікір сайысшылар көп болғанымен, әлі ұйым қалыптаспаған. Сол себепті, осы қозғалыс түрін дамытып, өзіміз де республикалық дебат турнирін өткізбекшіміз.

 

Жуық арада еріктілердің басын қосатын үлкен конференция  өтпек. Онда атқарылған жұмыстар қорытындыланып, әлеуметтік жобалардың сәтті жүзеге асуына атсалысқандар марапатталады.

 

Берік Қасен