Қоғам

Статистика департаментіндегі “Ашық есік” күні

 

Статистикалық сандар әлемінде сан түрлі мәлімет бар. Оны мамандар сала бойынша жіктеп, жиі жаңартып тұрады. Бүгін департамент қызметкерлері қонақтарға күнде естіп-біле бермейтін бірталай ақпаратты баян етті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда заңсыз істер арасында жезөкшелік бірінші орында. Оның өзгелерге қарағанда алатын үлесі 73 пайызды құрайды. Одан кейін заңсыз ішімдік саудасы мен есірткі бизнесі тұр. Солтүстік Қазақстанда мың ер-азаматқа шаққанда 99 әйел артық келеді. Әйелдер ерлерге қарағанда 11 жасқа көп өмір сүреді.

Бала туу көрсеткіші Уәлиханов ауданында жоғары. Мұнда мың адамға шаққанда 19 сәбиден келеді. Ең төмені М. Жұмабаев ауданында. Инфляция деңгейін анықтау үшін ай сайын 4 мыңнан астам баға салыстырылады екен. Бұл айта берсе жалғаса беретін тізім. Барлығы 20 сала бойынша негізгі деген 850 көрсеткіш бар екен.

 

Жанар Қызбекенова, СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

-Біздің теріп-жинаған ақпараттарымыз көпшіліктің үлкен сұранысында. Әсіресе, мемлекеттік органдар жүгінеді. Олар көбінесе жұмыссыздық деңгейі, еңбекақы мөлшерін сұратады. Ресми мәліметтің негізінде бірқатар жағдайларды жетілдіру бойынша маңызды шешімдер қабылданады.

 

Бүгінде статистикалық мәліметтер қол жетімді. Арнайы сайтқа кірсеңіз, ескі болсын, жаңа болсын кез келген мәліметті іздеп әуреленбей-ақ осыннан табуға болады. Департамент мамандары қонақтарға сайттың әрбір тетігін жіті таныстырып шақты. Олардың пікірлерін біліп, ұсыныстарын тыңдады.

 

Юрий Степура, облыстық онкологиялық диспансер емханасының меңгерушісі:

-Нақты өлім-жітім көрсеткіші көп жағдайда сіздердің мәліметтеріңізбен сәйкес келе бермейді. Сол себепті, қайтыс болу куәліктерін сараптау жүргізіледі. Осы тұста екі жақ келісіп жұмыс жүргізгені абзал.

 

Статистика департаментінің мамандары әрбір тоқсанда ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік, сауда бойынша басқарма басшыларымен әңгімелесіп, қазіргі жағдаймен алдағы жоспарларымен танысады. Сондай-ақ, ай сайын мамандар көшеге шығып немесе телефон арқылы 100-ге жуық адамның қоғамдағы маңызды мәселелерге қатысты пікірін тыңдайды екен.