Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда 175 отбасы жаңа баспанаға ие болды

 

 

Енді ғана бой түзеп жатқан Береке ықшам ауданы тағыда жаңа тұрғындармен толықты. 80 және 95 пәтерлі жалдамалы коммуналдық 2 баспана қолданысқа беруге сақадай сай. Қос тұрғынжай да “Қолжетімді баспана-2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған. Бүгіннен қалмай осының бәрі халық игілігіне тапсырылып, бос ғимаратқа жан бітеді. Үй емес көршіңді сатып ал демекші тұрғындар аңсаған пәтерлеріне кірмес бұрын бір-бірімен танысып, құттықтап жатыр. Қоныс иелерінің қуанышына облыс әкімі Самат Ескендіров ортақтасты.

Құрылыс жобасының құны 1 млрд. теңгеден астам. Қаржы республикалық және облыстық қазынадан құйылды. Бас мердігерлер “Основание” және “Алфа-Север” серіктестіктері нысандарды бір жылдың ішінде қалапты. Соғылған пәтерлердің жалпы аумағы 9,4 мың шаршы метрді құрайды. Айналасы да абаттандырылып, ойын алаңқайлары тұрғызылған. Әлеуметтік пәтер кілттерін өңір жетекшісі табыс етті.

Барлығы баспанаға зәру 175 жанұя қоныс тойын тойлады. Екеуі облыс орталығына биыл көшіп келген ҰОС ардагерлері. 80 сеңгіріне шығып тоқсанның төрінен көрінген Қожатай Некібаев 1 бөлмелі пәтер алды. 17 жасында сұм соғысқа аттанып, Украин майданында жаумен алысқан. Ұлы жеңістен соң 40 жыл білім саласында еңбек етіпті.

Қарт майдангердің Айша апаймен ұлағатты жанұя құрғанына 65 жыл болыпты. Бүгінде бейнеттің зейнетін татып 10 баладан 26 немере 16 шөбере сүйіп отыр.

Гүлжан Тастанова 2 баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген жалғызбасты ана. Ұлдарымен тұңғыш жеке пәтерінің есігін ашқанына разы. 8 жыл бойы үйден-үйге сенделіп жалдап тұруға мәжбүр болған.

Бұл күні сондай-ақ 16 жарымжан пәтер иесі атанды. Біреуі мүгедектер арбасына таңылған соң пәтер тұруына ыңғайластырылып салынған. Жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар үйінен түлеп шыққан 11 адам да елеусіз қалмады. Екатерина Романова үй кезегіне 2005 жылы тұрған. Енді міне арманы орындалды.

 

Екатерина Романова:

– 8 жыл бойы пәтер жалдап тұрамын деп біраз қиналдым. Ол ауыртпашылық артта қалды. Күйеуіммен заттарымызды қайда қоямыз деп жоспар құрып жатырмыз. Өз бұрышың болғаны үлкен бақыт. Соған үкіметтің қолдауының арқасында жеттік.

 

Жалпы әлеуметтің әлжуаз тобымен қатар пәтер жалдауға мәжбүр болған бюджеттік мекеме мамандары мен мемлекеттік қызметшілер де көксегеніне жетті. Биыл ұлттық жоба аясында 34 мың шаршы метр үй пайдалануға берілген. Келер жылы да кезек күтіп шаршағандардың бір бөлігін жайғастыру үшін осыншама пәтер тұрғызылады.

 

Жеңіс Ермұқанов