Құрылыс

МТРА сайтына – 4 жыл

 

 

www.mtrk.kz Міне Муниципалдық арна сайты нақ осындай кейіпте. 4 жыл ішінде мұнда қазақ және орыс тілдерінде көрерменге жол тартқан 10 мыңнан астам жаңалықтар мен бағдарламалар жиналған. Аталмыш порталдың сапалы жұмыс істеуі оның қызметіне тікелей жауапты 5 маманға байланысты. Күнсайынғы арна жаңалықтарын интернет желісінде еш қиындықсыз сол күні-ақ көруге болады.

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

– Жазда сайтта тағы бір жаңа функция пайда болды. Енді арна эфирінде болып жатқан жаңалық, бағдарлама нұсқасын сол сәтте онлайн жүйеде көруге болады.

 

Он-лайн эфирдің пайда болуымен сайтқа тіркелушілердің қатары қалыңдады дейді портал редакциясы. 1 күнде мұнда 1,5 мыңға жуық адам кіріп, 3 мыңға жуық материалды көреді екен.

 

Светлана Дроздецкая, МТРА телеарнасы сайтының web-редакторы:

– Барлық материалдар айдарларға бөлінген. Сондықтан оларды іздеп табу еш қиындық тудырмайды. Арнада қызмет атқаратын адамдар жайлы да ақпаратты оңай тауып алуға болады. «7+7», «Апталық шолу»және «Диалог» сынды бағдарламаларды бөлек бөлімдерден қарап,көруге болады. Барлығы қазақ, орыс тілдерінде жарияланған.

 

4 жыл ішінде сайттың өз аудиториясы қалыптасып, олармен де тілдесу мүмкіндігі туған. Енді сайтқа кірген әр адам өз пікірін жазып, қызықты ақпаратымен бөлісе алады.

 

Дарима Әбдірахманова, СҚО ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бас маманы:

-Біз муниципалдық телеарна сайтына жиі кіріп тұрамыз. Онда біздің департамент жаңалықтарынан басқа өңіріміздегі жаңалықтарды көруге болады.

 

Қала тұрғындары да сайттың жұмысына разы. Олар бұл өте ыңғайлы дегенді алға тартуда.

 

– Өте ыңғайлы. Теледидардан көрмеген жаңалықтарды сайттан көріп, оқуға болады. Бұл өңірімізде болып жатқан ақпараттардан қалыс қалмауға септеседі.

-Мен муниципалдық телеарна жаңалықтарын үнемі көріп тұрамын. Бағдарламалары ұнайды. Енді сайтта да оларды көріп, оқуға болатындығы қуантады.

– Мтрк сайтына жиі кіріп тұрамын. Қызықты жаңалықтар пайда бола берсе деймін.

 

Сайттың тағы бір жаңашылдығы ол онлайн жүгіртпе жол. Мұнда арнамызға хабарландыру берген петропавлдықтардың ақпараты күн сайын жаңартылып отырады. Көрермендер құлағына алтын сырға. Веб-редакторлардың айтуынша, жуық арада сайт өз қонақтарын тағы бір жаңашылдығымен қуантпақ.

 

Мағжан Ахмадина