Өнеркәсіп

Индустрияландыру бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуы

 

 

2010 жылдан қолға алынған индустрияландыру картасы аясында елімізде 563 кәсіпорын жұмысын бастап, осы уақытқа дейін 2,1 трлн теңгені құрайтын өнім шығарылды. Елбасының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы ендігі кезекте келесі бесжылдықта жүзеге асырылатын жобалардың сапасына баса назар аударған болатын. Индустрияландыру картасы аясында өңірде жалпы сомасы 40 млрд теңгенің 30 жобасы қолға алынған болатын. Бүгінге дейін оның 26-сы жүзеге асырылыпты. Нәтижесінде 1 мыңға жуық жерлесіміз жұмыспен қамтылып отыр. “Зиксто” зауыты 100 млн теңге көлеміндегі инновациялық грант алып, астық тасымалдауға арналған жабық хоппер-вагондар жасау ісін жолға қойды. Ал Ақжар ауданында қиыршық тас өндіретін зауыт жұмысын бастады. Жамбыл ауданы да бұл көштен қалыс қалмай, мұнда сыйымдылығы 52 мың тонна болатын элеватор қолданысқа берілді.

 

Марат Ысқақов, СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қазіргі таңда 19 жоба 100 пайыздық қуатта жұмыс істеуде. 4 кәсіпорынның жүктемесі 70 пайызды құрайды. Құрғақ көбікбетон шығаратын зауыт 50 пайыздық қуаттылықта жұмыс істеп жатыр. Атап өтерлігі, индустрияландыру картасы бойынша қолға алынған жобалардың ішінде тоқтап тұрғаны жоқ.

 

Алғашқы бесжылдыққа қарастырылған индустрияландыру картасы аясында жыл соңына дейін «Зенченко және К» КС сүт өңдеу зауытын іске қосу жоспарланған. Кәсіпорында сүтті өңдеуде заманауи технологиялар қолданылатын болады.

 

Марат Ысқақов, СҚО индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қалған жобалар екінші бесжылдықта жүзеге асырылатын болады. Олардың арасында Айыртау ауданындағы Сырымбет тау-металлургиялық комбинатының құрылысы көзделген. Кәсіпорын жылына 1 млн тонна қалайы өндіретін болады. Жобаға 70 млн доллар инвестиция құйылып, 500 жаңа жұмыс орны пайда болады. Бүгінгі таңда Сырымбет кен орнында тексеріс жұмыстары жүргізілуде.

 

Картаға жанамалай, бүгінде өңір экономикасы үшін маңызды бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Мысалы, Киров атындағы зауытта доңғалақты әскери техниканы модернизациялауға арналған жаңа корпус іске қосылуда. ПЗТМ зауытында энергетикалық қазандықтар шығару желісінің жобасы аяқталуға жақын.

Айту керек, алдағы бесжылдыққа қарастырылған индустрияландыру картасында Петропавл маңында индустриялық аймақ құрып, дамытуға басымдық берілмек. Бүгінгі таңда жобаның концепциясы жасалып, 148 га жер телімі бөлінген.

Мағжан Ахмадина