Білім

Ел тарихын өлкетанумен байланыстыра оқыту

 

Қазіргі таңда оқушылар мектеп бағдарламасында қарастырылған Қазақстан тарихын жалпылай ғана оқуда. Бұл мәселені Елбасы көтеріп, ұлттық шежіремізді оқыту әдістемесін түбегейлі өзгертуді тапсырған болатын. Осыны ескерген білім беру саласының мамандары аталған бағыттағы шараларды қолға алып, оқу бағдарламасына “Өлкетану” пәні енгізілді. Бұл сабақ барысында оқушылар өздері тұратын ауыл-қаладағы елге елеулі азаматтар туралы және туған мекенінің қасиетті жерлері жайлы мол мағлұмат алады.

 

Салтанат Көпеева, Бестерек ОМ тарих пәні мұғалімі, Ақжар ауданы:

-Біз мектеп бағдарламасында Қазақстанның жалпы тарихын қарастырып өтеміз. Ал мына жергілікті, туған өлкенің тарихы қарастырылмай қалады. Сондықтан біз оқушыларға өлкентану жұмыстарын ұйымдастыру арқылы біз өмір сүріп жатқан ауылдың, елді мекеннің көрікті жерлерін, сол ауылдың ақсақалдарымен сұхбаттар жүргізіп, мәлімет алу арқылы біз жалпы оқушыларды туған өлкесінде болған, болып жатқан және болашақта болатын оқиғаларды білуіне көп мүмкіндік жасаймыз.

 

Аудандар мен ауылдардан келген мұғалімдер Қазақстан тарихын өлкетану пәнімен байланыстырып семинарды қызықты өткізу жағын қарастырды. Ерекшелігі – мұнда оқушылар сыныптың ішінде дәріс тыңдап қана қоймай, өлкесіндегі өзен-көлдерін, тау-тастарын аралап, көзі тірі тау тұлғалардан тәлім алады.

 

Ғабидолла Тұрдымұратов, Явленка ОМ тарих пәні мұғалімі, Есіл ауданы:

-Мысалы, тарих сабағында ҰОС сабағын өткен кезде өзіміздің ауылдан шыққан, өзіміздің жерімізден шыққан, өзіміздің өлкемізден шыққан осы тұлғаларымызды оқушылармен таныстырып, олардың ұлттық тарихқа деген рухын кішкене болса да көтеріп, яғни, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырамыз.

 

Оқушылар алдымен өз елінің қадірін түсінгенде ғана, олардан ұлтжанды тұлға қалыптасады дейді жас педагог мамандар.

 

Нұрхат Серікбаев, Благовещенка ОМ тарих пәні мұғалімі, Жамбыл ауданы:

-Мысалы: біз мектеп бағдарламасында Қазақстан тарихы, дүниежүзі сияқты басқа мемлекеттердің тарихын оқып білеміз. Ал жеке өлкелердің тарихына көңіл бөлінуі маңызды жағдай.

 

Осы тектес әдістемелік семинарлар ұстаздар қауымына “Өлкетану” пәнін оқытудағы әр түрлі әдіс-тәсілдерді меңгеріп, оны сабақ барысында кеңінен пайдалануға мүмкіндік жасамақ. Бұл бастама “Тарих толқынында” жобасы аясында оң жолға қойылып жатыр.

 

Денис Виноградов, “Білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы” КММ әдіскері:

-Біз ғаламтор желісінде арнайы өлкетану пәнін оқыту әдістемесіне қатысты сайт ашып, шалғайдағы мектеп мұғалімдеріне таратамыз. Алда, осы семинарға қатысқан белсенді ұстаздар өлкетану үйірмесін ашып, мектеп қабырғасында өлкетану мұражайын ұйымдастырады.

 

Қарашада айында Қазақстан тарихын оқыту мәселелеріне арналған ғылыми конференция өткізу жоспарда бар.

 

Берік Қасен