Спорт

Жекпе-жектен күміс жүлде

 

Аралас күрестен Виталий Чуприн 20 жылға жуық жас чемпиондарды дайындап жүр. Бапкер өңірімізде мықты спортшылар баршылық және олардан көптеген жеңістер күтуге болады дейді. Ал бұл жолғы жарыста алған қола – жеңістің бастамасы ғана.

 

Виталий Чуприн, СҚО бойынша “Жекпе-жек” федерациясының президенті:

– Әр салмақ бойынша 15-20 қатысушыдан болатынын ескерсек, иеленген қола жүлдеміз оңай келмегенін көруге болады.

 

“Жекпе-жектен” Шымкентте өткен ел чемпионатында өңір намысын 4 спортшы қорғады. Квартеттің бас кейіпкері Асылхан Әскеров 55 келі салмақ дәрежесінде бағын сынады. Күміс жүлдені иеленуіне оған финалдық белдесудегі тәжірибесінің аздығы кедергі болыпты. Десек те Асылханның салы суға кетпеді. Ол алдағы болатын сайыстарда жақсы нәтиже көрсететініне сенімді.

 

Асылхан Әскеров, “Жекпе-жектен” Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері:

– Финалдық тартыс қиын өтті. Қарсыласым тәжірибесі жағынан менен бір саты жоғары болды. Келесі жолы кездессек, жеңетінім анық.

 

Асылхан аралас күреспен екі жылдай айналысып жүр. Осыған дейін грек-рим күресімен және тай бокспен шұғылданыпты. Алда әлі талай жарыстар бар. Жақын арада “Жекпе-жектен” облыстық турнирде өз дәрежесін қорғамақшы. Асылханның сәтті тартыс көрсететініне оның алаңдағы әріптестері де сенімді.

 

Жақсылық Малғаждаров:

– Оған жақсы қараймын. Жас, талабы да мол. Осындай жаста жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Бастысы бір орында тұрып қалмай жаңа әдістерді меңгеру ғой. Алладан оның жетістікке жетуін тілеймін.

 

Өңірімізде “Жекпе-жек” Федерациясы осы жылдың көктемінде құрылған болатын. Десе де солтүстікқазақстандық спортшылар дүбірлі додаларда өздерін лайықты қарсылас екендерін аңғартуда. Көш жүре түзеледі.

 

Бақыт Сәдуақасов