Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үкіметте білім беру саласын дамыту мәселесі қаралды

 

“Қазақстан-2050” стратегиясында білім саласын жаңа белеске көтеру керектігі негізгі басымдықтардың бірі болып белгіленген. Ол өскелең ұрпақты әлемдік стандарттарға сай оқыту үшін қажет. Себебі алдымызда тұрған негізгі міндет дамыған алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарына ену. Бұл ретте алға қойылған жоспар қандай, ол жайында жиынға қатысушыларды білім және ғылым министрі Аслан Сарынжіпов құлағдар етті. Елімізде жыл санап бала туу көрсеткіштері артып келеді. Алайда оларды мектепке дейінгі тәрбие ошақтарымен қамтуда мәселе бар. Ол балабақшалардағы орын жеткіліксіздігі. Мәселені шешу тұрғысында “Балапан” бағдарламасы қолға алынған болатын, бірақ ол да әлі сылбыр. Осыны атап көрсеткен министр сәбилерді балабақшамен қамтамасыз ету көрсеткішін 2016 жылға дейін 80 пайыздан асыру керектігін тілге тиек етті. Оған бірінші кезекте әкімқаралар атсалысулары қажет. Мектептердегі білім беру де өзгертілуі тиіс. Мұғалім оқушыға тек бағыт-бағдар сілтейді, ал оны түбегейлі меңгеру оқушының міндеті. Ол заман талабы. Бүгінде бастама Назарбаев интеллектуалдық мектептерінде қолға алынған. Одан өзге білім ошақтары да шет қалмауы керек. Бұл министр міндеттемесі. Десек те шешімін күткен түйткілдер де жоқ емес, еліміздегі мектептердің 25 пайызында спорт залдары жоқ. Үш ауысымда оқитын білім ошақтары да баршылық. Олардың дені ауылдық елді мекендерде. Қалыптасқан ахуалды жақсартуды бірінші кезекте өңірлік даму министрлігі ескеруі керек. Шағын комплектілі мектептерді ресурстық орталықтарға біріктіру жұмыстары қолға алынды. 2015 жылы олардың саны 160-қа жетпек. Апаттық мектептерден арылу тұрғысында алдағы екі жылда елімізде 50 мектеп салу көзделіп отыр деп қорытындылады өз баяндамасын білім және ғылым министрі. Жолдауда білімді әлемдік деңгейге көтеру міндеті қойылған. Оны жүзеге асыруда кез-келген білім ошақтарына Назарбаев университеті және Назарбаев зияткерлік мектептер желісі өкілдері қол ұшын беруге әзір. Премьер-министр бұл мүмкіндіктерді мейлінше пайдалану керектігін атап көрсетті. Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе Үкіметтің 2015-2016 жылға арналған жаңа заң жобаларына қатысты. Әділет министрі Берік Имашев бұл тұрғыда бас-аяғы 15 құжат әзірленетіндігін мәлім етті. Жиынды қорытындылаған Серік Ахметов жобаны жазу оңай, тек одан еліміздің дамуына пайда болуы керек деді. Астанамен болған байланыс аяқталысымен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті жерде талқыланды. Шағын комплектілі мектептерді ірілендіру біздің өңірімізде де жүзеге асырылуда. Ол жайында білім басқармасының басшысы мәлім етті.

 

Шолпан Қаринова, СҚО білім басқармасының басшысы:

-Қазіргі күні өңірімізде 7 ресурстық орталық құрылып өз жұмыстарын бастап кетті. Алда олардың санын арттырамыз. Қазіргі күні мектептердің материалдық-техникалық базасына қанша қаражат қажеттігі есептелініп жатыр.

 

Ресурстық орталықтарды көбейту, шағын комплектілі мектептерді қысқартып, оқушыларды заман талабына сай оқытуға мүмкіндік береді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Ресурстық орталықтар барлық талаптарға сай болуы шарт. Оған қажет қаржыны бюджеттен қарастыратын боламыз. Қаражат мөлшерін экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы білім басқармасымен бірлесіп есептеңіздер.Тек уақыт оздырмау керек.

 

Көзі ашық ұрпақ тәрбиелеуде бірінші кезекте ұстаздардың білімді болғаны абзал. Бұл ретте біліктілікті арттыру институтына артылар жүк ауыр. Олардың биылғы жоспарлары -574, келер жылы ол көрсеткіш 725 құрамақ. Мұғалімдердің барлығы Кембридж университетінің бағдарламасы бойынша 3 айлық курстан өтуде. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы қазіргі күні білім саласын дамытуға барынша жағдай жасалып жатқандығын алға тартып, тек оқушыларға сапалы білім берілуі керектігін атап көрсетті. Ал оны қадағалау жауапты басшылардың міндеті. Жұмыс санға емес, сапаға бағытталуы керек.

 

Самат Есмағи