Көлік және жолдар

Көліктегі қауіпсіздік мәселесі облыстық әкімдікте сөз болды

 

Күн тәртібінде қаралған алғашқы мәселе – “Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ -ғы авиациялық және өрт қауіпсіздігінің сақталуы. Жуырда мемлекеттің меншігіне өткізілген мекемеде апаттардың алдын алу жөнінен мәселе жоқ деуге болады. Әуежайда 2 арнайы өрт сөндіру көлігі қарастырылған. Үлкен көлемдегі су мен көбік сақтайтын қоймалары да баршылық. Есік қақпай келетін оқыс жағдаймен күресуге қауқарлы жауынгерлердің штаттық құрамы толық. Бірақ әуе қауіпсіздігін қамту жағы әлі ақсап тұр.

 

Виктор Шевелев,“Петропавл халықаралық әуежайы” АҚ президентінің міндетін атқарушы:

– Ұшып-қону алаңына күрделі жөндеу қажет. Жол әбден тозды. Көліктер жетіспейді. Өткізу бекетінде жаңасын былай қойғанда, ескі құрылғылардың өзі жетіспейді. Қосымша бейнебақылау камераларын орнату керек. Дабылқаққыштар мүлдем қарастырылмаған. Күзет жағы әлсіз. Қауіпсіздік қызмет тек 70 пайызға толық.

 

Жалпы әуежай бойынша маман тапшылығы байқалады. Айлап жалақы көрмеген жұмысшылардың дені қызметін тастап кеткен. Бүгінде еңбекақы берешегі 19 млн. теңгеге жетіпті.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

– “Солтүстік” әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы қаржының бір бөлігін береді. Бұл мәселе солардың бақылауында. Өткізу бекеті мен жолды жөндеуге қаржы бөлінеді. Ол үшін алдымен жобалық-сметалық құжат әзірлеу керек. Жалақы мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр.

 

Кейін жолаушылар тасымалына кәсіби жүргізушілерді даярлау мәселесі қаралды. Бүгінде өңірімізде бұндай қызметті 47 мамандандырылған автомобиль мектебі көрсетеді. Олардың тең жартысы облыс орталығында орналасқан. Жыл басынан мемлекеттік қазынадан бөлінген қаражат есебінен 145 адам автобус жүргізуге құқық беретін куәлік алыпты.

 

Сәбира Балсейітова, “Петропавл авто оқыту комбинаты” ЖШС директоры:

– Жолаушылар тасымалына қажетті “Д” категориясын алу үшін талап күшті. Әуесқойлар автобус рөліне отыру үшін, олардың үш жыл жеңіл көлік жүргізу тәжірибесі болуы шарт. Жүк көлігіндегі еңбек өтілі 1 жылдан кем болмауы керек. Жасына да шектеу қойылады. 21-ден төмен болмаса және басқа да медициналық талаптарға жауап берсе оқуға қабылданады.

 

Осы күні қала көшелерінде қатынайтын қоғамдық көлік нысандарына да кәсіби жүргізушілер жетіспейтін көрінеді.

 

Галина Семенова, “СҚО жолаушылар тасымалы одағы” қауымдастығының төрайымы:

Бізге 100-ден артық маман қажет болып тұр. Көптеген автобустарда 1-ақ жүргізушіден қызмет етеді. Күнде таң атқаннан кеш батқанша ауысымсыз жүру өте қиын. Жұмыспен қамту бағдарламасы аясында “Д” категориясына жүргізушілер көбірек оқытылса дейміз.

 

Облыс әкімінің орынбасары Владимир Балахонцев ұсыныс ескерілетінін жеткізді. Бірақ жолаушылар тасымалын кәсіп еткендер бюджет есебінен оқытылғандардың жұмыспен толық қамтылатынына кепілдік беруі тиіс. Сондай-ақ диспетчерлік пункттердің қажеттілігі де айтылды. Сұрау қанағаттандырылатын болады. Биыл үшеуі тапсырылса, алдағы уақытта Береке мен Жұмысшы кентерінде орнатылмақ. 10 аялдама қойылды, маңайындағы жол жиектері кеңейтілді. Көлік көп қатынайтын 3 қиылыста қосымша жолақтар салынды. Жолаушылар қауіпсіздігінің қамындағы мұндай шаралар алдағы уақыттада жалғасын табады.

 

Жеңіс Ермұқанов