Спорт

Грек-рим күресінен облыстық турнир

 

Жарыста өңір балуандарымен қатар көршілес Ресей Федерациясының Петухово, Макушин, Екатеринбург қалаларынан келген меймандар да, барлығы 200-ге тарта спортшы күш сынасты. Боз кілемге шыққандардың дайындық деңгейі жоғары. Спорт ардагері Бауыржан Құлжанов бүгінде күреске мемлекет тарапынан көп көңіл бөлініп отырғанын айтады. Оған спорттың осы түрінен өткізіліп тұратын облыстық, республикалық деңгейдегі сайыстар дәлел.

 

Бауыржан Құлжанов, СҚО күрес федерациясының президенті:

-Жақсы дәстүр болып кетті. Облыста 5-ші рет жарыс  өткізіп жатырмыз. Комсомолдың туған күніне арнап. Бүгін бізді қуантатын жағдай 200-ге жуық жасөспірім палуандар күресіп жатыр. Біздің өткізіп жатқан жағдайымыз балалар спортпен шұғылдансын деп. Бүгінгі залда күрестің болашақтары өсіп келе жатыр.

 

Сайыс түндігін алғашқы болып түрген Мамлют ауданының балуаны Асланбек Киркенов бірінші кездесуде Қорған облысының балуаны Александр Норкенкомен белдесіп, қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Ресейлік спортшының грек-рим күресімен шұғылданғанына 4 жыл болыпты.

 

Асланбек Киркенов, палуан, Мамлют ауданы:

-Менің салмағым 32 келі. Қарсыласым қиын болған жоқ.

 

Бұған дейінгі тартыстарда Асланбек талай дүбірлі тартыстарға қатысып, жеңіс төрінен көрінген еді. Жас балуанның бапкері шәкіртінен зор үміт күтеді.

 

Шалқар Қопабаев, бапкер, Мамлют ауданы:

-Мамлют ауданынан облыстық жарысқа келіп отырмыз. Бексейіт, Новомихайлов ауылдарынан жарысқа баптап алып келдік. Көрсеткіштеріміз жаман емес. Біздің балуандар облыстық, республикалық жарыстарға шығып жүр.

 

Жарыс соңында жеңімпаздар медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кету керек, облысымызда қарашаның 1 мен 3 аралығында жерлесіміз Уәлихан Нүрпейісовтың құрметіне арналған тағы осы іспеттес облыстық турнир өткізілмек. Онда өңір балуандары спорт шеберіне кандидат атақтарын қорғамақ.

 

Бақыт Сәдуақасов