Көлік және жолдар

Дизель отыны тапшы

 

Қала ішіндегі көптеген жанар-жағармай құю бекеттерінде дизель отыны жоқ. Соляркасы бар деген жанармай станцияларының өзінде өнім талонмен босатылуда. Сол себепті жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктер қазан айында қиындықтарға тап болған. Десе де автобустардың қызметі бұдан ақсаған жоқ.

 

Алексей Дроздецкий, «МАП СК» ЖШС жүргізушісі

Дизель отыны қаладағы бірнеше станцияда ғана бар. Оның өзі талонмен босатылады. Бірер күн бұрын қиындықтар болған. Тіпті екі-үш рет автобустар кешігіп шықты. Қазір барлығы дұрысталды. Уақытылы шығып тұрамыз.

 

Александр Нарыжных, «МАП СК» ЖШС жүргізушісі:

Қала бойынша дизель отыны талон арқылы сатылады. Қолма-қол ақшаға ала алмайсың. Сондықтан қала сыртындағы жанар-жағармай бекеттеріне бару керек. Сол қиындық тудырады.

 

Бар гәп – Павлодар мұнай өңдеу зауытынан өңірімізге тиісті мөлшерде дизель отыны жеткізілмеуінде болып отыр. Қазан айында аталмыш кәсіпорыннан 1,5 мың тонна солярканың орнына 120 тоннасы ғана бөлінген.

 

Александр Иванищев, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Белгісіз себептерге байланысты Павлодар мұнай өңдеу зауыты бізге тек 120 тонна солярка жөнелтті. Көбіне жолаушылар тасымалымен айналысатын автобустар дизель отынымен жүреді. Бұл жағдайға қатысты әкімдік жедел түрде Мұнай және газ министрлігіне өтініш жазып, қазір Павлодар мұнай өңдеу зауытымен дизель отынының жетпеген көлемін алуға қатысты келісімшарт жасалды.

 

Осылайша, қоғамдық тасымалмен айналысатын мекемелер амалын тауып, жолаушыларға уақытша қиындықтарды сездірмеуге тырысқан. Қала тұрғындары автобустар бұрынғы тәртіппен қатынайтынын айтуда.

 

Жоқ. Еш қиындық жоқ. Уақытылы жүреді.

– Уақытылы жүреді. Еш қиындық жоқ. Бір рет қана болды 20 минуттай тосып қалдым. Онда жүргізуші солярканың жоқтығын айтты. Ал жалпы барлық автобустардың жүру кестесіне көңілім толады.

 

Әрине талонның да шегі жоқ емес. Сондықтан, жүргізушілер жағдайдың тездетіп оңалғанын күтуде. Десе де «Гелиус», «Қаз Мұнай Газ өнімдері» сияқты ірі компанияларда дизель отыны баршылық. Бірақ, мысалы “Қазмұнайгаздың” жанармай құю стансалары негізінен қала сыртында орналасқан.

 

Мағжан Ахмадина