Аптадағы маңызды жаңалықтар

Солтүстікқазақстандықтар Астанада жәрмеңке өткізді

 

СҚО – ас атасының құтты мекені. Табиғат тылсым мінез көрсеткенімен биыл астық өңірдің құнарлы топырағында бітік шығып, бадана дән бастырылды. Бұл ел қамбасының негізгі бөлігін әдеттегідей теріскейде жиналған ырыс дәні құрайды деген сөз. Басты байлығымыз – әрине бірлігі жарасқан еңбеққор халық. Бұған арқа төрінде өңіріміздің тауар өндірушілері қанат жайған ауылшаруашылық жәрмеңкесінің қонақтары көз жеткізді. Астана қаласы әкімдігінің өкілдерін, Парламент және қалалық мәслихат депутаттарын өңір жетекшісі Самат Ескендіров өзі бастап әкелген жәрмеңкемен таныстырды. Қадірменді меймандар қойылған өнімнің сапасын байқап, бағаларын көрді.

Отандық тауар өнідірушілердің өнімін өткізуге бірінші кезекте ден қоюды Елбасы баса айтқан болатын. Осының бір қамы ретінде бас шаһарда ауылшаруашылығы жәрмеңкесін өткізу жақсы дәстүрге айналған. Тауардың санитарлық талаптарға сайлығын тексеру, саудагерлерге орын беру – барлығы тегін. Есесіне, жерлестеріміздің өнімі де азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сай.

Жәрмеңкені ұйымдастырудағы мақсат – жергілікті тауар өндірушілерді ел нарығына шығарып, Астана жұртшылығына кеңінен насихаттау, елордамен тығыз әріптестік орнату. Қаз-қатар тігілген сауда нүктелері ет, ұн, сүт, кондитерлік өнімдер мен бақша дақылдары сынды халық көп тұтынатын азыққа толып-ақ тұр. Сөрелерге жайылған бұл тауар түрлерінің барлығы – солтүстікқазақстандық ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеушілердің төл өнімдері. Өлкеміздің шаруа қожалықтары бірінші кезектегі азық-түліктің 100-ден астам аталымын ұсынды. Жалпы салмағы 1100 тоннаны құрады. Оларды өткізу үшін 86 сауда шатыры кұрылды.

Еліміздің әр облысы жиі ұйымдастыратын жәрмеңкелерге еті үйреніп алған астаналықтар арзан азық-түлікті осы жерден іздеуді дағды еткен. Сондықтан бағасы қалта көтерерлік өнімге асық тұрғындар ұзын-сонар кезек құрды.

 

Жеңіс Ермұқанов, тілші:

– Демалыс болған соң әдеттегідей алдағы аптаның қамын ойлап таңертеңнен жәрмеңкеге асыққан жұрт легі бір толастаған жоқ. Солтүстік Қазақстанның ауыл еңбеккерлері саудалалаған өнім пышақ үстінен бөлініп әкетіліп жатыр.

 

Ұнның жоғары сұрыптысының келісі 45 теңгеден саудаланып жатыр. Балдың құны да мың теңгеден аспады. Ет те сол шамада өткізілуде. Әсіресе соңғысына деген сұраныс аса күшті болды. Бұны жақсы білетін өңір аудандарының барлығы мал өнімдерін мүмкіндігінше көбірек әкелуге тырысыпты. Таңдау мол болғанымен шаруа қожалықтары ет алуға мүдделі астаналықтарға қызмет көрсетуге үлгермей жатыр.

Құнарлы топырақта піскен көкөністерді де елордалық тұтынушылар қап-қаптап тасып жатты. Картоптың келісі не бары 20 теңгеден. Жер емген агроқұрылымдардың бақша дақылдары лезде тарап кетті. Бір толастамаған халықтың сұранысына жауап беру үшін саудагерлердің ісіне қарқын қосып ауыл әкімдері де араласып жүр.

Солтүстікқазақстандықтар ұсынған өнім тұтынушыларға тіпті Астананың арзан деген базарларынан 20 пайызға кем саудаланды. Жәрмеңкеге бас сұққандарды өнім бағасының төмендігімен қатар сапасы қуантты. Шұрайлы өлкемізде шығарылатын өнім табиғи таза. Ағзаға пайдалы дәруменге толы. Бұған басты сыншы тұтынушылар шүбә келтірмейді.

Азық-түлік өнімдерін өткізген саудагерлерден өзге, астаналықтарға өңіріміздің қолөнер шеберлері де өз туындыларын ұсынды. Көздің жауын алатын әшекей бұйымдар, қылқалам шеберлерінің еңбектері көпшілікті бейжай қалдырмады. Әсіресе 10 саусағынан өнер тамғандардың қолынан туған ұлттық нақыштағы ағаш бұйымдары үлкен сұранысқа ие болды.

Қазақ мәдениеті өркен жайған мекенде теріскейліктер өнерден де жұрдай еместіктерін танытты. Тұтынушылар делдалсыз жеткізілген қолөнер бұйымдары мен арзан азық-түлікті сатып алып қана қоймай, әуелеген ән мен күмбірлеген күйді тыңдап бір жасап, марқайып қалды.

Қызу сауда жүріп жатқан алаңның қақ ортасында тұрғызылған сахнадан Солтүстік Қазақстан өңірі түлеткен жезтаңдай әншілер мен мұң бұралған бишілер жәрменке қонақтарына әуезді де әуенді бағдарлама тарту етті.

Сахна төріне шыққан шығармашылықтың дарынды саңлақтары құлақтың құрышын қандырар әсем сазбен көрерменін бір орынға таңып, өзіне баурай білді. Облысымыз – талай ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына жия алған береке-бірліктің алтын діңгегі. Бұны түрлі халықтардың дәстүрлі биін ұсынған ұжымдар танытты.

Өстіп, Астанадағы кезекті сапар үлкен табыспен аяқталды. Астана – толассыз түлеу, дамылсыз дамудың даңғыл жолына түскен көптің аузындағы керемет құрылыс мекені, тәуелсіздіктің жемісі. Орынбор, Қызылорда, Алматыны жағалаған Алаш баласы ғасыр айналып қазығын осы жерден қақты. Қазақтың асқақ арманынан айбыны асқан жұмыр жердің бетінде, Қараөткелдің өтінде, Ерке Есілдің енінде әсем Шаһардың пайда болғанына 15 жыл толды. Осы уақыт аралығында дара ордамыздың қаймағы бұзылмаған бейбіт тірлігіне жерлестеріміз үн қосып келеді. Бас қаламен тарихи сабақтастық пен қоғамдық- саяси рухани үндестік алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

 

Жеңіс Ермұқанов