Спорт

Сәйгүліктер сайысы

 

“Құлагер” ипподромының жабылу маусымы осы жолы ауылшаруашылығы қызметкерлерінің күніне арналды. Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық спорт түрінен мықты атануға бел буғандар бұл жолы 22 сәйгүлікті үкілеп әкеліпті. Жарыстың шымылдығын бірінші болып, жай шорқақтап шапқан құнандар ашты. 7 шақырымдық қашықтықта 4 аттың алдына айыртаулық “Забира” есімді құнан шықты. Бірақ, соңғы айналымда оны “Митсубиси” есімді таза қанды француз сәйгүлігімен шабандоз Артем Элинберг басып озып, мәреге жеке дара келді.

Қызылжар ауданының кішкентай шабандозы осыған дейін жүлделі орындардан көрініп жүрген, бірақ алтын жүлдені алуым тұңғыш рет дейді.

 

Артем Элинберг, құнан бәйге жарысының жеңімпазы, Қызылжар ауданы:

Серігімнің аты “Митцубиси”. Мен онымен жарысқа 1 жылдай ғана шығып жүрмін. Тұлпарым өз тұқымына жақсы тартқан. Оның әкесі мен анасы да қоңыр түстес. Жалпы «Митсубисимен» көп жаттығу өткізгендіктен, маған онымен шабу қиынға соқпады.

 

Жарыс алаңындағы келесі тартыста Ақмола облысының намысын арқалаған Николай Бабичевтің асығы алшасынан түсті. Оның сәйгүлігі үш жасқа дейінгі желіс аттардың арасынан жүйрік болып шықты. Макинка қаласының тұрғынына серігі биылдың өзінде талай жеңіс сыйлапты.

 

Николай Бабичев, Ақмола облысы:

Атым 3 жаста. есімі “”Пит флейл”. Оны біз Ресейдің Орлов облысында тұратын атбегіден сатып алғанбыз. Ол әлі бірде-бір рет жеңіліп көрген емес, мықты тұлпар.

 

Барлығы 22 тұлпар ат жарысының 6 түрінен сыналды. 15 шақырымдық аламан бәйгеде “Ақтанау” есімді сәйгүлігімен Есіл ауданының тұрғыны Фархат Жайлиевтің жұлдызы жанды. Ал, 4 жастағы желіс аттардың шабысында “Зенченко” КС-нің “Преферанс” жүйрігі өзгелерді шаң қаптырды. 2 айналым бойы тізгінді бермеген жеңімпаз – Қызылжар ауданының жокейі Әбдуәлі Нұрметов. Соңғы су шайқалмас жорғалар сынында айыртаулық Анна Тимошинаның бағы жанды. Суырылып алға шыққандар дипломмен марапатталып, ақшалай сыйақыға ие болды. Айта кету керек, аудан шабандоздарының басын қосқан жарыс биыл осымен біздің өңірде 3-ші рет өтті.

 

Берік Қасен