Мәдениет

Погодин атындағы театр жаңа маусымын ашты

 

 

Жаңа маусымның шымылдығын ашқан Виктор Ольшанскийдің «Тринадцатая звезда» спектаклі – әділетсіздік, сатқындық, күрес пен махаббат жайлы. Автор өмірдің осындай белестерін жарыс клубындағы оқиғаның негізінде көрсетпек болған. Шығарманың кейіпкерлері – жабайы қояндар. Олар жүйрік иттерді жаттықтырып отыру үшін пайдаланылады. Қараңғы қапас торда қамалған әрбір коян жанын шүберекке түйіп, арманындағы 13-ші жұлдызға қол жеткізу үшін көзсіз ерлікке барады. Өйткені ойын ережесі бойынша 13-ші жарыста жеңген қоян бостандыққа шығады. Бірақ, бес саусақ бірдей емес, оның арасында әлдісі мен езі қатар жүреді.

Мелодрамадағы бас кейіпкер – Джек есімді қайсар көжектің рөлін Владимир Швальбе сомдайды. Джектің арманы – ғашығы Ясноглазкамен бірге болу, сол үшін тәуекелге барып, баянды бақытқа қол жеткізу. Өзіне сеніп тапсырылған рөлді тамаша сомдап шыққан Владимир Швальбеге кейіпкері мінезі жағынан өте жақын болыпты.

 

Владимир Швальбе, Джектің рөлін сомдаған актер:

-Біз әртістер рөлді ешқашан таңдап-талғамаймыз. Мен өз басым осы театрда көптен бері жұмыс істемеймін. Сол себепті маған берілген кейіпкерді жақсы сомдап шықсам, онда 1 сынақтан өткенім. Және көрермендердің көңілі де маңызды.

 

«Вислоухая» есімді ақылгөй әрі өжет қоянның рөлі   Ирина Полещукке берілген. Сахна төрінде талай жыл жарқырап жүрген өнер иесі бұл жолы образға кіріп, оны көрерменге жеткізу оңай болған жоқ дейді.

 

Ирина Полещук, Н.Погодин атындағы орыс драма театрының актрисасы:

Мен театрда 19 жыл қызмет атқарамын. Маусымның ашылу сәті көрермендерге ұнады деген сенімдемін. Мен образды барынша шынайы, анық жеткізу үшін көп ойланып, көп дайындалдым.

 

2 сағат бойы қойылымды тамашалаған жерлестеріміз спектакльге оң бағасын берді.

 

– Маған бұл театр қойылымдары өте қатты ұнайды. сол себепті, мұнда жиі келемін. Бүгінгі премьералары тіпті тамаша. Декорациясы, әуен мен әртістері ерекше көрінді.

– Маған бұл спектакль өте қатты ұнады. Мұнда мен актерлардың шеберлігіне тәнті болдым. Олар үшін қатты толқып отырдым.

– Мен театрда көптен бері болған жоқпын. Сондықтан, осы премьераны тамашалауға қуана келдім. Спектакль өзгеше қайталанбас сәттерімен көңілімнен шықты.

 

Осылайша, Н.Погодин атындағы орыс драма театры жаңа маусымын ашты. 126 жыл бойы жерлестерімізге рухани азық беріп келетін мәдениет ошағының ұжымы өнерсүйер қауымның жүрегіне кезекті рет жол тапты. Маусымның ашылу салтанатына орай  театрдың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан азаматтар марапатқа ие болды.

Өнер ұжымы 127- ші маусым тарихи қойылымдарға толы болады деп отыр.

Берік Қасен