Қоғам

Әйелдер колониясындағы күз тойы

 

 

Жазасын өтеп жүрген нәзік жандылар үшін «Күзгі бал» – үлкен мереке. Әдетте сұрғылт тартып, көпшілік үшін қапасқа айналған әйелдер түрмесі  бүгін ертегі әлеміне айналғандай. Мерекеге қатысушы қыздар да алтын күздің келгенін білдіргендей ерекше құлпыра түскен. Кейбірі сахна сыртында соңғы дайындықтарын пысықтап жатса, енді біреулері өз қолдарымен жасаған киімдерін дұрыстап әлек. Тағдырдың жазуымен есірткі тасымалдағаны үшін Диана Нүрпейісова 6 жылға темір торға тоғытылған. Түзету мекемесінде отырғанына 1 жыл 8 ай болыпты. Кішкентайынан өнер десе ішкен асын жерге қоятын Диана үшін бүгін ерекше қобалжулы сәт. Байқауда ол екінші болып сахнаға шығады.

 

Диана Нүрпейісова,жазасын өтеуші:

Әрине бойымда ерекше қобалжу бар. Қарап тұрсам барлық қыздар жақсы дайындалған. Бүгін біз сахнаға шығуға көйлектерді өзіміз әзірледік. Менің мына киіп тұрған сәнді киімімді қыздар жасауға көмектесті. Барлығы тұрмыста қолданатын заттардан әзірленген. Қайың жапырақтары, қатты қағаз, ағаш сабақтар қолданылды.

 

Күзгі бал мерекесі аталған мекемеде жазасын өтеушілер арасында алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Шараға 4 қыз атсалысуға ниет танытқан. Алғашқы сайыста жазасын өтеушілер қазылар алқасына киім үлгілерін ұсынды. Мұнда жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалыстың барлығы есепке алынады. Екінші кезеңде қыздар мәнерлеп өлең оқыды.

3-ші сайыста дарынды арулар өнерлерін ортаға салып, би билеп, ән шырқады. Жалпы мұндай шаралар жазасын өтеушілердің тәртібіне оң ықпалын тигізіп, шығармашылықтарын шыңдауға септеседі дейді түзету мекемесінің мамандары.

 

Айқын Баженов,ЕС 164/6 түзету мекемесі бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

Жазасын өтеушілер арасында талантты жандар көп. Міне бүгінгі сайыста олардың қандай өнерлері бар екендігін көруге болады. Бұл олардың өнерлерін шыңдап, осы мекемеден шыққаннан кейін де жалғастыруына көмектеседі.

 

Мұндағы жазасын өтеуші өзге де нәзік жандылар күзгі бал сынды мерекелердің жиі өткізілуін қалайды.

 

Жақсы ойластырылған сайыс. Қыздар өте жақсы дайындалды. Киімдері де қандай әдемі болды. Барлығы әсерлі шықты.

– Осындай мерекелер біз үшін өте керек. Шамалы болсын сергіп, дем алуымызға септеседі. Сондықтан жиі болып тұрса дейміз.

 

Сайыс жеңімпаздары диплом, грамоталармен марапатталды.

 

Мағжан Ахмадина