Аптадағы маңызды жаңалықтар

Үздік орман пайдаланушы

 

Өңір жетекшісі алдымен “Нұр Отан” партиясы Есіл аудандық филиалының салынып жатқан жаңа ғимаратының құрылысымен танысты. 2 қабатты нысан ішінде 60 орынға шақталған конференц-зал мен 7 кабинет қарастырылған. Мұндағы нұротандықтар келесі аптадан жұмысын жаңа ғимаратта жүргізетін болады.

Кейін облыс әкімі бас партияның аудандық филиалының ауласын абаттандыру шарасына қатысты. Самат Ескендіров маңайына ағаш көшеттерін отырғызуға үн қосты. Жалпы орамға 50 жас қарағай жайқалып көрік беретін болады.

Бұдан соң аймақ басшысы елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған үздік орман пайдаланушысы байқауына қатысты. Барлығы ағаш өңдеуді кәсіп еткен 27 шаруашылық сынға түсуде. Мына жайылған көрмеде қол жеткізген көрсеткіштері тізілген. Жылына бекітілген келісімге сәйкес ағаштың 500 мың текше метрі өңделеді екен. Шамамен 40-қа тарта дайын өнім шығарылады. Жалпы тоғайлы өлке ағаштарының 5/1 орман пайдаланушыларға түрлі мерзімге жалға берілген. Барлығы аққайыңдар өлкесінде 700 мың Га жуық орман алқабы бар.

Өңіріміздің барлық орман шаруашылықтары өкілдерінің басын қосқан жиында өңір жетекшісі қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Биыл ғана 860 Га жас көшет отырғызылған. Облыс орманшыларының өрт қауіпсіздігін қадағалауы ел бойынша бірінші орында келеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

– Өткен жылы бір де бір өрт оқиғасы тіркелген жоқ. Қауіпті маусымда тоғайлар тәулік бойы күзетіледі. Биылғы шөп қалың. Көктемде қурағаны тез тұтанып кетеді. Тілсіз жаудың алдын алудағы игі істер үзілмей атқарылуы тиіс. Арнайы техника қашанда сай тұруы керек. Табиғи байлық түпсіз емес. Оны сақтап қана қоймай арттыра түсуге міндеттіміз.

 

Жалпы өңіріміздегі 12 орман шаруашылығында 700-ге тарта адам еңбек етеді. Әр табиғат сақшысына шаққанда 1,5 мың Га аумақтағы жасыл желектің бүтіндігі мойнында. Осының қамында белсенді еңбек етіп келетіндері облыс әкімінің қолынан құрмет грамотасы мен алғыс хат алды.

Сондай-ақ салтанатты жиында үздік орман пайдаланушысы байқауының қорытындысы шығарылды. Облыс әкімі жеңімпаздарды марапаттап, құнды сыйлықтар тарту етті. Басты талап тамырына балта шабылған шикізаттың орнына екі есе артық жасыл желек отырғызу. Өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауда атқарған шаруасы сараланды. Қарамағындағылардың әлеуметтік жағдайы да назарсыз қалмауы тиіс. Бұның бәріне толықтай жауап беріп келетін “Ахмутдинов” ЖК топ жарды. Өзгелері үлгі тұтатын қалдықсыз өндіріс ошағында түрлі шаруаға жарар бұйымдардың 56 түрі шығарылады.

Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен жергілікті өкілдіктің түрлі марапаттары да өз иелерін тапты. Бұдан соң орман пайдаланушылар жиналғандарға ағаш өңдеумен қатар шығармашылық өнерден құралақ еместіктерін танытты. Бұл сын жеңімпаздарының еңбегінде ерекше бағаланды.

 

Жеңіс Ермұқанов