Салық басқармасы

Семинарда электрондық аукционға қатысу тәртібі түсіндірілді

 

Салық төлеушілер тиісті қарызын өтемеген жағдайда олардың мүліктері тәркіленеді. Кейін электрондық аукционда сатылымға шығарылады. Берешек осылайша өндіріледі. “Активтерді оңалту және басқару команиясы” АҚ жыл басынан электрондық аукционда 360 млн теңгенің тәркіленген мүліктерін сатыпты. Соның ішінде 40 млн теңге біздің өңірде. Бүгінгі жиында Астанада келген мамандар жеке және заңды тұлғаларға электрондық аукциондағы бұйымдарды қалай сатып алуға болатыны жайында кеңінен ақпарат беріп, тәжірибелерімен бөлісті.

 

Ербол Суюнов, “Активтерді оңалту және басқару компаниясы” АҚ басқармасының басшысы:

– Біздің АҚ 2011 жылы құрылды. Содан бері кеден және салық төлеушілерден тәркіленген мүліктерді сатуды жүзеге асырып келеміз. Биылғы жылы  республикалық бюджетке 313 млн теңге қайтарылды. Және 144 млн теңгені салық төлеушілер өз еріктерімен өтеді.

 

Борышкерлердің мүліктерін тәркілеу туралы күшіне енген сот шешімі “Активтерді оңалту және басқару компаниясына” тапсырылады екен. Содан кейін ғана, заттар бағаланып, электрондық аукционға сатылымға шығарылады.

 

Гүлнар Сұлтанғазиева, СҚО бойынша салық департаменті салықты өндіріп алу басқармасының басшысы:

-Ағымдағы жылдың 9 айында біз 97 қаулыны тапсырдық. Ол тәркіленген мүліктің шамамен 300 млн теңгесін құрайды. Сөйтіп, бюджетке 28 млн теңгесі қайтарылды. Негізінде кей салық төлеушілер қарызын өтеуге асықпайды. Сондықтан да біз заң бойынша мүліктерін тәркілеп алуға мәжбүр боламыз.

 

Жиынға келгендер де электрондық аукционда тәркіленген мүліктерді сатып алу тиімді екенін айтуда.

 

Андрей Власов, “Партнер – Авто” ЖШС есепшісі:

– Ешқайда барып жатудың қажеті жоқ. Тиісті заттарды осы электрондық аукционда сатып ала аласың. Бізге қажетті заттар бұл автомобильдің бөлшектері. сондықтан біз электрондық акционға қатысып, ондағы мүліктерді сатып алып жүрміз.

 

Астаналық қонақтар мұндай семинарды алдағы күндері Қызылорда да өткізбек ойда.

 

Бану Ахметова