Денсаулық сақтау

Облыстық онкологиялық диспансерде ашық есік күні өтті

 

Татьяна Раевская облыстық онкологиялық диспансерде маммолог дәрігердің қабылдауын күтіп отыр. Бойжеткен өз денсаулығын тексертуді жөн санапты. Яғни сүт безі обырының бар-жоған анықтатпақ.

 

Татьяна Раевская, қала тұрғыны:

-Бұрын мұнда келіп көрген жоқпын. Ашық есік күні өтіп жатқандығын естігендіктен денсаулығымды тегін тексертуді ұйғардым. Мұндай шараның ұйымдастырылғаны жақсы әрине.

 

Ашық есік күні облыстық онкологиялық диспансерге таңғы онға дейін 10 әйел келген. Гинекологтың тексерісінен өткені жетеу. Енді олар маммологтың қарауында болады.

 

Ольга Пукса,   рентгенолог-дәрігер:

-Жылдық жоспарымыз 20 мың әйелді тексерістен өткізу. Бүгінгі күні скринингтік қарау жұмыстары 90 пайызға орындалды. Нәтижесінде 28 адамның сүт безі обырына шалдыққаны анықталып, оларға ота жасалды.

 

Осы жылы 22 627 нәзікжанды скринингтік тексерістен өтулері керек болса, 9 айда мамандар қарауына келгендер саны 17 689.

 

Фарида Түменева, облыстық онкологиялық диспансердің зертхана меңгерушісі:

-Биыл жатыр обырына қатысты скринингтік тексерістен өткізу жұмыстары 78 пайызға орындалды. Мамандар қарауына келген қыз-келіншектердің жас ерекшеліктері 30 бен 60 жас аралығында. Тексеріс барысында 4,5 мың адамда обыр белгілері бар екендігі анықталды.

 

Жатыр обырына қатысты тексерістен өтуге шамалы ғана уақыт кетеді. Ал алынған сараптаманы талдау 30 минут ішінде белгілі болады.Оған таяуда сатылып алынған заманауи мына қондырғының арқасында қол жеткізіп отырмыз дейді дәрігерлер.

 

Жанат Қапизов,   зертханашы-дәрігер:

– Бұрындары сұйықтық цитологиясын жартылай автоматтандырылған қондырғыда тексеретінбіз. Оған қыруар уақыт кетсе, Кореяда шығарылған мына қондырғы жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетті. Сонымен қатар бұл аппарат жарты сағат ішінде 40 түрлі сараптама жасауға мүмкіндік беріп отыр.

 

Татьяна Моргунның онкологиялық диспансердің тіркеуіне алынғанына 1 жыл болған. Науқасқа ота да жасалыпты. Қазір өзін жақсы сезінеді. Дегенмен ашық есік күнін пайдаланып, денсаулығын тағы бір тексертуді ұйғарыпты.

 

Татьяна Моргун, қала тұрғыны:

-Ашық есік күнін ұйымдастырғандары жақсы болды. Тексеріс, ақыл кеңестің бәрі тегін. Осындай мүмкіндіктерді пайдаланып қалу керек. Әр адам өз денсаулығына өзі жауапты болуы тиіс.

 

Облыстық онкологиялық диспансерде әйелдердің  денсаулығын тексеру онкүндігі қазанның 23-і мен қарашаның 3-і аралығында өткізіледі. Оның бәрі тегін.

 

Самат Есмағи