Денсаулық сақтау

Облыстық аурухана жаңа медициналық құрылғымен толықты

 

Жаңа құрылғы жаңа мүмкіндектерге жол ашты. Облыстық аурухананың зертханасында медициналық аппарат жеткізілгелі екі күннің ішінде 22 сараптама жүргізілген. Зертхана меңгерушісі Татьяна Филлипова бізге шетелдік құрылғыны таныстыруда. Техниканың тілі күрделі, сол себепті де онымен жұмыс жасауды Алматы мен Мәскеуден инженер келіп түсіндіріп кеткен. Мұндай аппарат облыс аумағында жалғыз. Құны 3 млн. 600 мың теңге тұратын құрылғы аурухананың өз қаржысына алынған. Қазір оның көмегімен қан талдаудың нәтижесін нақты және жылдам білуге болады.

 

Татьяна Филиппова, облыстық аурухананың зертхана меңгерушісі:

-Зерттеуге қанның не бары 2 микролитрі ғана жеткілікті. Қан құйылған ұяшықтарды ең алдымен SAS-1-ге саламыз. Оның ішінде 40 минут бойы қаралып болған соң оны SAS-2-ге орналастырамыз. Кейін нәтижені таспаға түсірілгеннен кейін сканер арқылы принтерден шығарамыз. Бұған барлығы бір жарым сағат қана уақыт жұмсалады.

 

Дәл осы аппараттың, әсіресе, миелома ауруын анықтауда пайдасы көп. Миелома – бұл қанның қауіпті дерті. Ерте диагностикалау аурудан толығымен айықтырмаса да адамның өмірін ұзартуға көмектеседі.

 

Галина Харламова, облыстық аурухананың гематология бөлімшесінің меңгерушісі:

-Милеома 50 жастан асқан адамдарда кездеседі. Оны анықтау және себебін іздеу қиынға соғатыны рас. Өйткені, егде жастағы адамның қанындағы өзгерістің немен байланысты екені белгісіз. Бұрын бізге келетін науқастардың ауруы асқынған күйде болатын, енді, миеломаны ерте анықтауға зор мүмкіндік туды.

 

Әлем бойынша 100 мың адамның 10-нда осындай ауытқу табылады екен. Миеломаны анықтау қиынға соғатындықтан өңірде 100 мың адамға шаққанда 2 жағдайдан кездеседі. Енді, облыстық аурухананың дәрігерлері жаңа аппараттың күшін барынша пайдаланбақ. Бір ауысымда озық үлгідегі құрылығының көмегімен 100 адамды тексеруге болады.

 

Данаш Хамзина