Бизнес және экономика

Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің бірінші отырысы

 

Естеріңізге сала кетсек, ағымдағы жылдың 9 қыркүйегінде Елордасы Астанада Үкімет пен “Атамекен Одағы” ұлттық экономикалық палатасының ұлттық кәсіпкерлер палатасын құру туралы бірлескен шешімі қабылданған болатын. Оның өңірлерде  филиалдары жұмыс істемек. Бізде ұйым қазанның 21-де тіркеліп, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің құрамы бекітілді. Палатаға 13 аудан мен Петропавл қаласы атынан 20 бизнесмен кірді. Оларға жүктелетін міндет облысымыздағы шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жағдай жасау болып табылады.

Алқа отырысында ұлттық кәсіпкерлер палатасының алдына қойылған міндеттерді ескере отырып, елімізде қолайлы бізнес ахуалды қалыптастыру мәселелері төңірегінде әңгіме өрбіді. Өз сөзінде Ұлттық кәсіпкерлік палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов біздің облысымызда енді құрылған кәсіпкерлер палатасының міндеті кәсіпкерлердің мүддесін қорғау және бизнестің дамуына себепші болуы тиістігін атап көрсетті.

Алқа отырысы соңында облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы сайланды. Бұл міндетті атқару “ПЗТМ” акционерлік қоғамының жетекшісі Қуаныш Бишімовке жүктелді. Оның кандидатурасын кеңес мүшелері бірауыздан мақұлдады.

 

Қуаныш Бишімов, СҚО кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы:

-Үлкен сенім артқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Өңіріміздегі бизнес саласының дамуына, шағын және орта кәсіпкерлік саласын өркендетуге күш-жігерімді жұмсауға уәде беремін. Ол саланы сіздермен бірлесе отырып жаңа белеске көтеретінімізге сенім мол.

 

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Самат Ескендіров елордалық мейманға алғысын білдіріп, оған өңір кәсіпкерлерінің атынан еліміздің картасы белгіленген картинаны сыйға тартты.

 

Самат Есмағи