Ең алдымен ҚР Дін істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушы Марат Әзілханов Қызылжар орталық мешітіне соқты. 2005 жылы негізі қаланған Алла үйі 1500 кісіге шақталған. Бұл жерде меймандар барлық залдарды аралап көрді. Бүгінгі таңда облысымызда 64 мешіт филиалы бар екен. Күні кеше Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде тағы бір жаңа мешіт ашылыпты.
Руслан Қайыркелді, Қызылжар орталық мешітінің наиб имамы:
– Кішкенекөлде мешіт ашылды. Ол ауыл тұрғындары үшін үлкен мереке.
Жалпы Қазақстанда 2359 мешіт бар. Биылғы жылдың өзінде 140 нысан қолданысқа берілген. Тағы бір екі жылда 90-ға жуық мешіт бой көтереді деп жоспарланған деді Марат Әзілханов. Бұл ретте агенттік төрағасының міндетін атқарушы әсіресе ауылдық жерлерде білімді, жас имамдар жетіспейтінін айтты. Маман тапшылығы мәселесін шешу үшін білімді моллаларды баспанамен қамтып, әлеуметтік мәселелерін шешуге қол ұшын берудің маңызын атап өтті.
Бұдан кейін Марат Әзілханов православ шіркеуінде болды. Кітапхана, оқу сыныптарын аралаған ол дінаралық татулық жөнінде сөз қозғады.
Марат Әзілханов, ҚР Дін істері агенттігі төрағасының міндетін атқарушы:
-Діни мерекелер болсын қандай да бір шаралар болсын сіздер бір-бірлеріңізді құттықтап жүру керексіздер. Бұл дәстүрге айналуы қажет. Өйткені елдегі татулық, бірлік, халық тұтастығы осы діндердің достығынан басталады.
Мейман Рим – католик шіркеуіне де соғып, дінбасыларының пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады.
Мағжан Ахмадина