Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Нұр Отан” партиясы облыстық филиалы саяси кеңесінің отырысы

 

Астанада өткен “Нұр Отан” партиясының кезектен тыс 15-съезінде саяси ұйымның жаңа доктринасы қабылданған болатын. Сондай-ақ, партияның жарғысына бірқатар өзгерістер енгізілді. Оның ішінде  аумақтық бақылау-ревизиялық комиссияларының жұмысы оңтайландырылды. Сонымен қатар, партия жарнасы ең төменгі жалақының 1 пайызына дейін көтерілді. Бұған дейін нұротандықтар оның 0,5 пайызын аударып келген болатын. “Нұр Отан” партиясының эмблемасы мен атауына өзгерістер енгізілді осы съезде. Партияның негізгі белгісіне күннің көзі, барыс пен Елбасының жазу мәнеріндегі “Нұр Отан” сөзі кірген. Ендігі кезекте, саяси ұйым халықтық-демократиялық деп аталмайтын болады. Партияның саяси кеңесінің жаңартылған құрамына өңірден “Мәмбетов және К” КС директоры Еркебұлан Мәмбетов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тіл және әдібиет институтының директоры Жанар Таласбаева кірді. Райхан Абдрахманова бақылау-ревизиялық комиссиясының құрамына алынды. Кезектен тыс съезд 1200-ге тарта партия мүшесін жинаған болатын. Өңірден жиынға партияның облыстық филиалының төрағасы Самат Ескердіров бастаған 78 адамнан тұратын делегация да қатысып қайтты. “Нұр Отан” партиясының облыстық филиалының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Самат Ескендіров алдымен партиялықтар қабылдаған “Нұр Отан. Нұрлы болашақ жолында” аталған саяси доктринаға тоқталды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Доктринаның бірауыздан қолдау табуы – еліміздегі жетекші партияның жаңа даму кезеңіне жол ашады. Елбасының “Қазақстан – 2050” стратегиясымен сабақтасқан Доктрина партияның басты құжатына айналмақ. Саяси құжаттың ең басты ерекшелігі – адами құндылықтарды насихаттап, отаншылдық рухты қалыптастыруға бағытталуында. Доктрина саяси құжат қана емес, ол – партияның болашаққа бағдары. Бұл құжатта да межеге 2050 жыл алынған. Біз партия мүшелері ондағы барлық міндеттердің орындалуына бірлесе кірісуіміз қажет.

 

Бүгінде облыс көлемінде партия қатарына 40 мыңнан астам жерлесіміз өткен. Партияның облыстық филиалының төрағасы барша нұротандықтардың алдында Доктринаны түсіндіріп, насихаттау бағытындағы ауқымды жұмыстар тұрғанын атап өтті. Солтүстікқазақстандықтар – маңызды құжатта межеленген бағдарламаларды жүзеге асыруға молынан үлестерін қосуы тиіс.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Бірінші міндет – “Нұр Отан” – басты патриоттық күш болуы тиіс. Бұл жұмыстарға “Жас Қыран”, “Жас Ұлан” балалар ұйымдары мен “Жас Отан” бастаған жастар ұйымдары, ардагерлер кеңестері атсалысқаны абзал. Екіншіден, партия жалпыұлттық бірліктің орталық буыны болуы тиіс. Үшінші тапсырма – “Нұр Отан” қай кезде де азаматтық қоғамның көшбасшысы болуы керек. Партиялық көшбасшылықтың тағы бір маңызды мәселесі – жалпыұлттық экономикалық және әлеуметтік инновациялардың орталығына айналу. 21-ғасырдың көшбасшы партиясы жалпыхалықтық бақылау құралына айналуы қажет. Алтыншыдан, 21-ғасырда жастардың зор қолдауын тапқан партия ғана ел басында жүрмек. Және Елбасы қойған жетінші тапсырма – “Нұр Отан” партиясы мемлекеттік сыртқы саяси құндылықтарын қуаттап, алға жылжытуы тиіс.

 

Облыс әкімі партия съезінде Елбасы қойған міндеттерді іске асырумен қатар, келер жылы өтетін партияның 15 жылдық мерейтойын да жоғары деңгейде қарсы алу керектігін атап өтті.

Партияның кезектен тыс съезінен қанаттанып қайтқан жерлестеріміздің бірқатары саяси Доктринаға қатысты ойларымен бөлісті.

Қазақ мектеп-гимназиясының директоры Гүлжан Жақанова педагог ретінде «Нұр Отан» партиясының доктринасында қаралған адами құндылықтар мен жас қазақстандықтарды тәрбиелеу мәселесін көтерді. Әсіресе, ұстаз патриоттық тәлім-тәрбие алған кейінгі ұрпақ қоғамдағы барлық қауіп-қатерге тойтарыс бере алатына сенімді.

Партия филиалының саяси кеңесі мүшелері Елбасы саясатын қолдай отырып, бірлік пен ынтымақтың арқасында халқымыздың тұрмысын жақсартып, мемлекеттің дамуын қамтамасыз етуге шақырды. Алда партия төрағасы айқындап берген міндеттер тұр. Оларды нұротандықтар күш біріктіріп, жұмылып орындауға міндетті. Ал әзірше, саяси кеңес отырысына жиналған партия өкілдері бүгінгі жиынның қаулысын қолдап, «Нұр Отанның» гимнін орындап тарқасты.

 

Гүлмира Шоқтыбаева