Көлік және жолдар

Коммуналдық қызмет қысқа әзір

 

 

Қарға сараң болмаған өткен қыс мезгілінде коммуналдық қызметтердің бел жазуға мұршасы болмағандығы белгілі. Алдағы қауырт маусымда да жауын-шашынның көлемі қалыпты мөлшерден аз түсетініне кім кепіл. Сондықтан қардың құрсауында қалатын көшелерді аршумен айналысатын мекемелер бүгіннен қызу дайындық үстінде. Бұндай кәсіпорындардың қарбалыс сәттерге әзірлігін қала әкімі Төлеген Закариянов байқап көрді. Су-“808” ЖШС ауа райының кез-келген тылсым мінезіне сақадай сай. Игіліктегі бар техника майланып-сайланып қойылған.

 

Виктор Ли, “Су-808” ЖШС директоры:

– Биылғы қыста 400 мың текше метр қарды сыртқа шығардық. Жалпы 52 млн теңгенің механикаландырылған тазарту жұмысын атқардық. 8 жылдық тәжірибемізді ескеріп, кез-келген жағдайға дайын болатындай әзірлендік. Техникалық парк толықтай әзір. Келесі айда лизингке алынған 10 млн. теңгенің құм сепкіші қатарға қосылады. Құм мен тұздың қажетті 700 текше метрі бар. Жанармай қоры жеткілікті.

 

“Коммунхоз-Петропавл” кәсіпорынының дайындығына да шаһар басшысы оң бағасын берді. Қаз-қатар тізілген мұндағы 21 арнайы көлік нысаны түгелдей негізгі ісіне бүгіннен қалмай шығуға әзір. Оның үшеуі бірнеше қызмет атқаруға қауқарлы көпсалалы кешен.

 

Александр Гусельников, “Коммунхоз-Петропавл” ЖШС жүргізушісі:

-“МКСМ-860” жылдың қай мезгілінде болсын қолданыла береді. Көлігі шағын болғанымен өте ыңғайлы. Қарды сырады, кейін оны бір орынға үйіп, көлікке өзі арттады. Арнайы сыпырғышы да бар. Бұрғы, сондай-ақ кран ретінде пайдалануға болады. Қыруар шаруа атқаруға күші жеткенімен жанармайды өте үнемді жұмсайды.

 

Техникамен қатар маңызды шаруаны тыңғылықты тындыруға серіктестіктен 300-ге тарта адам күші жұмылдырылмақ. Қармен алысуға күрекпен қаруланатындардың 200-ден астамы жұмыспен қамту орталығынан жіберіліпті. Жалпы облыс орталығының тазалығын 7 мердігер қамтамасыз ететін болады.

 

Қайролла Ғалеев,Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Қалалық әкімдікпен қыс мезгілінде жолдарды қалыпта ұстау үшін қыруар іс атқарылды. Қар түсісімен 130 бірлік арнайы техника жұмысқа шығады. Олардың дайындығына коммуналдық кәсіпорындар ерте бастан кіріскен болатын. Бүгінде барлығы дайын. Қыстан аман шығу үшін көлік пен жұмыс күші жеткілікті.

 

Жаяу жүргіншілердің және автомобиль жолдары тазартылып қана қоймай көктайғаққа қарсы тұз бен құм қоспасы себіледі. Инертті материалдың 1300 текше метрі әзірленген.

 

Жеңіс Ермұқанов