Мәдениет

Ақындар оқушылармен кездесті

 

 

Солтүстік өңірі елімізге танымал ақындардан кенде емес. Кезінде Ғабит, Сабит, Мағжан аталарымыз салып кеткен сара жолды жалғастырып келетін жастар жоқ емес, бар. Десек те, ат тұяғын тай басар демекші, жастарды ақындық өнерге баулитын мектеп жоқ бұл күнде. Осы тұрғыда қазақ мектеп- гиназиясында 2 жыл бұрын жас ақындарды үйрететін үйірме ашылған. Оған қатысуға тілек білдірген 10 оқушының әрбірінде осы күні кемінде 20 өлеңнен бар. Мектеп ұжымы алда оқушылардың сол өлеңдерін топтастырып, шағын кітап шығармақшы. Кейін болып жатса, оқушылар айтысын да қолға алу ойларында бар. Дәл осы қазақ мектеп-гиназиясының 9-сынып оқушысы Саян Ермек 2 жыл бұрын ашылған ақындар сыныбының арқасында өзінің бойында ақындық қасиеті бар екенін білген. Бүгінде қаламын негізінен арнаулар мен мерекелік тақырыптарға тербейді.

Оқушы бүгінгі жас айтыскер ақындармен көзбе-көз жүздесіп, олардың ағалық ақылын алып жатқанына қуанышты. Бұл қаламын ұштағысы келетін жас талапкерлер үшін өте пайдалы дейді Саян.

 

Саян Ермек, Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

-Бізге терме, айтыс деген дүниелерді айтып жатыр. Бұл ақын үшін өте керек нәрсе.  Солтүстік ақындарын үлгі тұтып, тарихын айтып жатыр.

 

Кездесуде өңір ақындары оқушыларға әу, дегеннің барлығы ақын емес, қара сөзді дұрыс пайдалану, сөздің қасиетін түсіну деген сияқты кеңестер берді.

 

Жарқын Жұпархан, облыстық халық шығармашылығы орталығының қазақ шығармашылығын дамыту бөлімінің қызметкері:

-Мақсатымыз: біздің өңірімізге танымал ақындарды оқушыларға таныстыру. Біздің өңірде жаңадан қанат қағып келе жатқан, өлең жазуға баспалдақ жасап келе жатқан жас балалар бар. Соларға қолдау көрсету. Жалпы ақын деген кім, ақындарға қандай нәрселер саяды, өлеңді қалай жазу керек, өлеңнің қандай құрылысы бар. Сол жөнінде өткізіп отырмыз.

 

Жас ақындар оқушыларға ғаламтор шарлағаннан гөрі, елге танымал ақын-жазушылардың кітаптарын оқуға, өлең жаттауға шақырды. Себебі, ақын болғысы келген оқушы алдымен өзге ақынның 2000 жол өлеңін білсе артық етпейді.

 

Жұмабек Рахимов:

– Оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, Аманжол ағамыз екеуміз бір қысқа да нұсқа айтыс жасап бердік.Айтыс дегенді көзбен көріп, құлақпен естіп білсін деген ниетте болдық.

 

Шығармашалық дәріс оқушылардың көңілінен шықты.

 

Мадина Нұрғазина, Қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

– Мен өзім өлең құрауды бала кезімнен бастадым. 20-дан астам өлеңім бар. Әр түрлі тақырыптарға байланысты өлеңдер құраймын. Былтыр республикалық Мағжан оқуына қатысып, “Мағжан ізбасары” атты номинациясында жүлдегер болдым. Маған өлең құрау өте ұнайды. Әрине, бос уақытым болғанда, жай отырмай, кітап оқып, өлең құрауды жақсы көремін.

 

Берік Қасен