Қоғам

Іскер әйелдер жиыны

 

 

“Әйел бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербетеді”. Бұл рас-ақ. Бүгінде бұрымдылар еліміздің дамуына шама-шарқынша үлесін қосуда. Нәзік жандарға мемлекет тарапынан да тиісінше қолдау бар. Оған дәлел – ел бойынша соңғы 10 жылдың ішінде Парламент Мәжілісіндегі бұрымды депуттаттардың саны екі есеге көбейген. Өңірлік мәслихаттарда да әйелдер саны 17 пайыздан астам. Өз ісін дөңгелетіп жүрген әйелдер де аз емес.

Нәзік жандардың бүгінгі таңда бар салада қызмет атқарып, ел дамуына сүбелі үлесін қосып жүргенін М.Жұмабаев ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев та атап өтті. Ол бұрымдылардың арқасында еліміздің демографиялық ахуалының жақсарғандығына да тоқталды. Мәселен, гендерлік теңдік көрсеткішінде 100-ден астам мемлекеттің арасында еліміз 31-ші орынға жайғасыпты.

М.Жұмабаев ауданында мемлекеттік қызметте 105 әйел жүр, оның 4-еуі ауылдық округ әкімдері болса, аудандық мәслихатта 3 депутат әйел бар, 55-і мектеп директоры екен.

 

Қайрат Пішенбаев, М.Жұмабаев ауданының әкімі:

– Біздің ауданда барлық салада әйел адам мемлекеттік қызмет болсын, білім саласы, денсаулық саласы болсын, шағын және орта бизнесте атқарып жатқан, одан да басқа ауыл шаруашылығында, басқа да салада атқарып жатыр. Біз әрқашанда әйел адамға бас иеміз.

 

Отан отбасынан басталады. Жанұяның да ұйытқысы – әйел. Белсенді әйелдер мақсатқа жетуде мемлекетпен қоса, отбасымыздың да көмегін сезініп жүрміз дейді.

 

Шолпан Абдина, “Ақжаулық” клубының төрайымы, Булаев қаласы:

– Бүгінгі күн әйелдің қоғамдағы рөлі өте зор. Өте қымбат. Бүкіл саланың барлығында әйелдердің көмегі керек. Әйел ана, жастар тәрбиесінде де, үйде де қай уақытта болса да әйел алда жүру керек.

 

Слетке қатысқан іскер әйелдер жиналғандармен тәжірибе бөлісіп, еңбек жолдарына тоқталды. Кәсібі өрге домалаған бизнесвумендер өз ісін бастағысы келетін нәзікжандыларға батыл болып, алға нақты мақсат қоюға кеңес берді.

 

Мария Омарова, экономика және қаржы бөлімінің басшысы, М.Жұмабаев ауданы:

– Аудандық іскер әйелдер қауымдастығына мүшелікке кіргеніме 4 жыл болды. Нәзік жандыларда бүгінде қызушылық бар. Олар белсенді. Ал, бұрымдыларды қолдауда іскер әйелдер қауымдастығы өте қажет. Өйткені біз әйелдерге кеңес беріп, дұрыс бағыт-бағдар көрсетеміз.

 

Слетке қатысушылар шараның соңында іскер әйелдердің өнімдері жайылған көрмені тамашалауға мүмкіндік алды.

 

Бану Ахметова